Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жоғарғы оқу орнына түсіруге уәде беріп, ақша алған: Астанада университет қызметкері сотталды

мектеп түлектерін алдаған
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Астанада жоғары оқу орнының қызметкері талапкерлерді заңсыз жолмен оқуға түсіремін деп алдап, 18 адамнан ақша алғаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елордадағы жоғары оқу орындарының бірінің қызметкері университетке оқуға түсуге "жәрдемдесу" сылтауымен қылмыстық схема ұйымдастырған.

Жалған мөрлер мен жалған құжаттарды пайдалану арқылы ол 18 талапкердің сеніміне кіріп, оларды белгіленген қабылдау тәртібінен тыс жоғары оқу орнына оқуға түсіруге ықпал етемін деген жалған ақпаратпен алдап, әрқайсысынан 600 мыңнан 900 мың теңгеге дейін ақшалай қаражат иемденген.

Басты сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бірнеше рет алаяқтық жасағанын, сондай-ақ жалған ресми құжаттарды қолдан жасап, жалған мөр дайындағанын толық дәлелдеді.

Сот үкімімен кінәлі адам 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген материалдық залал сотталғаннан өндірілді. Прокуратура азаматтарға қырағылық танытып, оқу орындарына түсу мәселелері бойынша тек ресми ақпарат көздеріне жүгінуді ұсынады.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде Рысгүл Сағынова есімді әйелдің бірнеше жыл бойы тұрғындарды түрлі сылтаумен алдап келгені белгілі болған еді. Ол "грантқа оқуға түсіремін", "категория алып беремін", "жер алуға көмектесемін" деп уәде беріп, 30-дан астам адамнан 200 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша алған. Сот мәліметінше, келтірілген жалпы шығын 25 миллион теңгені құраған. Әйел 8 рет сотталғанына қарамастан, бес баласының болуына байланысты жазасын өтеу кейінге шегерілген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 16:08