"Дем алатын түтігі іріңге толған": Марқұм Ербаянның отбасы мәлімдеме жасап, қылмыстық істен бас тартатынын айтты

23 маусым күні кешке Ербаян Мұхтар Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында көз жұмды. Марқұмның анасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шұғыл түрде ауруханаға шақырды. Айтуынша, ұлының жүрегі соғып тұрса да дәрігерлер аппаратты алып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаралы хабарды түндемарқұмның анасы Гүлсім Қамиева хабарлады. Ал Stan.kz тілшісіне Ербаянның көз жұмғанын отбасының адвокаты Инга Иманбай растады. Оның айтуынша, кешкі уақытта дәрігерлер Ербаян Мұхтардың ата-анасына оның жүрегі тоқтағанын хабарлаған.
Ербаянның жүрегі үш рет тоқтап, дәрігерлер оны қайта іске қосуға тырысқан. Алайда кешкі сағат 21:00 шамасында жүрегі біржола тоқтаған.
Марқұмның туыстары не дейді?
Желіде марқұм Ербаян Мұхтар ауруханада жатқан кезде түсірілген видео тарады. Кадрдан төсекте жатқан сарбазды, ата-анасы мен дәрігерлерді көруге болады. Видеода Ербаянның анасы: “Неге аппараттан ажыраттыңыздар? Денесі әлі жылы, жүрегі соғып тұр ғой” деп айтады. Десе де дәрігерлер сарбаздың сол сәтте-ақ қайтыс болғанын айтқан.
Оған қоса палатадағы бейнебақылау камераларының жұмыс істемейтіні анықталды. Салдарынан отбасы Ербаянға кімнің кіріп-шыққанын және оған қалай күтім жасалғанын көрсететін жазбаларды көре алмай жатыр.
Ербаянның ағасы Наурызбай Сәкібаевтың сөзінше, мамыр айының соңында оның өкпе қабынуы асқынып, ауруханаға жатқызылған.
“Үйде жүргенде жағдайы жақсы еді. Оны өзіміз емдеп жүрдік. Кейін жедел жәрдем шақырдық, олар келіп Ербаянды алып кетті. Мұнда ол шамамен жиырма күн жатты. Телефонымда сақталған видеолар да бар. Тіпті ол тыныс алған түтік іріңге толып қалған, жағымсыз иіс шығып жатыр. Дәрігерлер дұрыс күтім жасамаған. Сол себепті ағзасына инфекция түскен деп ойлаймыз. Одан кейін жағдайы нашарлай бастады”, – дейді Сәкіңбаев.
Марқұмның ағасының айтуынша, дәрігерлер Ербаянның аппаратын алып тастап, қайтыс болғанын айтқан. Бірақ аппарат ажыратылған соң шынымен адам көз жұмады ғой, дейді ол.
“Бізге қоңырау шалып, Ербаянның қайтыс болғанын хабарлады. Ата-анам және қарындасым Құндыз келді. Олар Ербаянды көргенде денесі әлі жылы еді, қан айналып, жүрегі соғып тұрған. Ербаянда тіршілік белгілері байқалды. Олар дәрігерлерден: “Аппаратты неге ажыраттыңыздар?” деп сұрады. Дәрігерлер оның қайтыс болғанын айтты. Бірақ аппараттан ажыратылған соң адам шынымен көз жұмады. Себебі оның өмірін сол аппарат ұстап тұрған еді”, – деді марқұмның ағасы.
24 маусымға қараған түні марқұмның ағасы Instagram желісіндегі erbayan2024 парақшасымен тікелей эфирге шықты. Онда Ербаян Мұхтардың денесін мәйітханаға алып кететіні айтылды. Ал ата-анасы Ербаянның денесі жатқан көлікті жібермей тұрды. Десе де Ербаянның туыстары оның денесін өздеріне тапсыруды талап етті.
Марқұмның әкесі Хамит Мұхтар ұлының денесін мәйітханадан пышақ тигізбей алып, жерлеуді ғана сұрап отыр. Олар ұлының мәйітін сот-медициналық сараптамаға беруге қарсы.
“Ербаянды бірден үйге алып кетіп, денесін кеспей жерлеуді қалаймыз. Алланың алдына қалай барса, сол қалпында аттандырғымыз келеді. Сол себепті 12 мүшесі сау күйінде жібергіміз келеді. Басшылары мән-жайды түсіндіріп, балаңыздың денесін кестірмеуге уәде беремін деді. Аурухана шығарып тастады, қазір мәйітханада. Әлі алған жоқпыз. Жолдасым сол жақта. Сөздің шыны керек әстің бәрінен бас тартып отырмыз. Неге десеңіздер? Ешқандай шындық ашылмайды”, – деді марқұмның әкесі.
Осы мәлімдемеден соң отбасының адвокаты Инга Иманбайдан мән-жайды сұрадық. Оның айтуынша, Ербаян Мұхтардың ісіне қатысты түпкілікті шешімді оның ата-анасы қабылдайды.
“Істің ары қарай қалай жалғасатынын тек Ербаянның ата-анасы шешеді. Мен олардың өкілі ретінде қандай шешім қабылдаса, соны құрметтеймін және қолдаймын. Жеке өзімнің шешім қабылдауға құқығым жоқ. Қазір отбасыдан хабар күтіп отырмын. Әкесімен сөйлестім. Ол кісі ең алдымен: “Шаршадық”, – деді. Олармен кездесіп, түпкілікті шешімдерін білген соң ғана істің әрі қарай қалай жалғасатынын айта аламын”, – деді адвокат.
Іс туралы толығырақ
Еске салайық, Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеген. 2023 жылдың желтоқсанында ол ауыр бассүйек-ми жарақатын алып, алты айға жуық комада жатты.
Ресми мәліметке сәйкес, сарбаз әжетханада құлап, басын кафельге соғып алған. Алайда оның туыстары Ербаяндың зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтты. Олардың айтуынша, Ербаян әскерден ауруханаға шүйде сүйегі сынған және субдуралды гематома диагнозымен жеткізілген. Кейінірек жігіттің миының бір бөлігі ата-анасының келісімінсіз алынғаны белгілі болды.
Ербаян екі жарым жыл бойы оңалтудан өтті. Оның ішінде Түркияда да ем қабылдап келді. Қазақстандықтар Ербаянның еміне 230 миллион теңгеге жуық қаражат жинап берді.
Қылмыстық іс “Әскери қызметкерлер арасындағы жарғылық өзара қарым-қатынас қағидаларын бұзу, абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру” бабы бойынша қозғалды. Алайда екі жарым жыл өтсе де, тергеу аяқталмаған. Ал іс бойынша күдіктілер әлі анықталмаған.
11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты