Еуропада авиациялық отын қоры алты аптаға ғана жетеді: Компаниялар рейстерді қысқартпақ

Еуропада авиациялық отын қоры небәрі алты аптаға жетеді. Сарапшылар Ормуз бұғазы ашылмаса, жақын арада әуе рейстері қысқартылуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еuronews.com хабарлайды.
Еуропада авиациялық отын қоры шамамен алты аптаға ғана жетеді. Егер Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізу қалпына келмесе, жақын арада кейбір әуе рейстері тоқтатылуы мүмкін.
Халықаралық энергетика агенттігінің (МЭА) басшысы Фатих Бироль бұл жағдайды "соңғы уақыттағы ең ірі энергетикалық дағдарыс" деп бағалады. Оның айтуынша, Ормуз бұғазындағы тасымалдың тоқтауы мұнай, газ және басқа да маңызды ресурстар жеткізіліміне тікелей әсер етіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл ең алдымен жанармай, газ және электр энергиясы бағасының өсуіне әкеледі. Әсіресе Азия, Африка және Латын Америкасындағы дамушы елдер қатты зардап шегуі мүмкін.
Мәліметтерге сенсек, Еуропада авиациялық отын тапшылығы мамыр айының басында-ақ сезілуі ықтимал. Қазірдің өзінде кейбір елдерде жағдай әртүрлі. Австрия, Болгария және Польшада қор жеткілікті болса, Ұлыбритания, Нидерланд және Исландияда тапшылық қаупі жоғары.
Сарапшылардың айтуынша, ірі әуежайларға қарағанда, шағын және ішкі әуежайлар бірінші болып қиындыққа тап болады. Бұл толық рейстердің тоқтауына емес, кейбір бағыттардың қысқаруына әкелуі мүмкін.
Мәселе Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалының тоқтауымен байланысты. Бұған дейін бұл бағыт арқылы әлемдегі мұнай мен сұйытылған газдың шамамен бестен бірі жеткізілетін.
Еуропалық әуе компаниялары қазірдің өзінде балама шешімдер іздеуде. Алайда АҚШ-та өндірілетін авиациялық отынды импорттау мәселесі стандарттар мен логистикаға байланысты қиын болып отыр. Егер жағдай ұзаққа созылса, сарапшылар авиация саласында ғана емес, жалпы экономикада да күрделі салдар болуы мүмкін екенін ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер нәтижесіз аяқталғаны туралы жазған едік. Исламабадта 21 сағатқа созылған талқылаулар нәтижесінде тараптар бейбіт келісімге келе алмады, ал Ормуз бұғазы мен ядролық бағдарлама басты даулы мәселеге айналды.
Оқыңыз