Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы Ботаникалық бақтың субұрқақтарына шомылған балалардың ата-аналарына айыппұл салынады

субұрқақта ойнап жүрген балалар
Фото: depositphotos.com

Астанадағы Ботаникалық бақтың субұрқақтарына шомылған балалардың ата-аналарына айыппұл салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Есіл аудандық полиция басқармасы Ботаникалық бақтағы субұрқақтарда балаларын шомылдырған ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тарта бастағанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, ескерту жұмыстарының тұрақты жүргізілуіне қарамастан, кейбір ересектер кәмелетке толмаған балалардың субұрқақтарда жүруіне және шомылуына жол беріп отыр. Мұндай жағдайда ата-аналар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылады.

Полиция қызметкерлері субұрқақтардың шомылуға арналмағанын еске салды. Бұл жарақат алуға, электр тогының соғуына және түрлі инфекциялық ауруларды жұқтыруға әкелуі мүмкін.

"Ата-аналарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ олардың субұрқақтарда және шомылуға арналмаған өзге де орындарда суға түсуіне жол бермеуге шақырамыз. Балалардың қауіпсіздігі – барлық ересектердің ортақ жауапкершілігі", – деп мәлімдеді полиция басқармасы.

Еске салсақ, осыған дейін дәрігерлер балалар мен ата-аналарды субұрқақтардан сақ болуға шақырды. Мамандар балалардың жарақат алып немесе тоқ соғу қаупі барын ескертті. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 19:07