Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"300 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жинайды": Депутат Аймағамбетов қымбат бітіру кештеріне қатысты пікір білдірді (видео)

оқушы
Фото: © Васильева Юлия / Фотобанк Лори

Қазақстанда мектеп бітіру кешіне қатысты бақылау күшейтілді. Оқу-ағарту министрлігі мейрамхана, коттедж, демалыс базаларында кеш өткізуге және ата-аналарға ақша жинауға тыйым салынғанын тағы да еске салды. Ал мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәселені тек шектеумен шешу жеткіліксіз дейді. Оның сөзінше, мектеп бітіру кештері қауіпсіз, қарапайым әрі артық шығынсыз форматта өтуі керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрлік 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын екенін айтып, бітіру кешін сән-салтанатпен өткізуге тыйым салынғанын жеткізді. 

“Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады. Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады”, – делінген хабарламада. 

Бірлескен бұйрық мектеп бітіру іс-шараларында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.

Бұл жағдайға қатысты депутат Асхат Аймағамбетов те пікір білдірді.

“Жалпы мектептегі түрлі мерекелер мен 11-сынып түлектерінің бітіру кешін “қолдайтын” да, “қарсы” да пікірлер бар. Мұның бәрін түсінеміз. Ата-аналардың да, түлектердің де эмоциясын түсінемін. Барлығымыз осы кезеңнен өттік. Кез келген адам әдемі, салтанатты бітіру кешін қалайды. Бұл эмоция, қуаныш, 11 жылдық оқудың қорытындысы. Сондықтан оларды да түсінуге болады”, – деді Аймағамбетов.

Алайда депутаттың айтуынша, Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің мұндай шешім қабылдауына себеп болған жайттарды да ескеру қажет.

“Бұл шешім екі мәселеге байланысты қабылданған. Біріншісі – әлеуметтік әділдік, екіншісі – қауіпсіздік мәселесі. Бізге кейбір ата-аналардан мұндай шығындарды көтере алмайтыны туралы өтініштер түсіп жатады. Кейде бұл сомалар өте үлкен көлемге жетеді – 1 миллион, 500 мың, 300 мың теңге. Соның салдарынан кей балалар қатты уайымдайды. Сонымен қатар қауіпсіздікке қатысты да мәселелер бар”, – деді ол.

Депутаттың сөзінше, Оқу-ағарту министрлігі бітіру кештеріне толық тыйым салып отырған жоқ.

“Мектептегі бітіру кештері, соңғы қоңырау, мектеп вальсі – бұл іс-шаралардың ешқайсысы тоқтатылған жоқ. Мұны нақты айтуымыз керек. Мектеппен қоштасу, әсерлі сәттер, эмоциялар бәрі сақталады. Бірақ тағы бір қауіп бар. Кейбірі “ресми емес шараларға тыйым салынса да, олар бәрібір коттедж жалдап, ересектердің бақылауынсыз атап өтеді” дейді. Сондықтан бұл мәселені Ішкі істер және Оқу-ағарту министрліктерінің құзырында қалдырған дұрыс”, – деді депутат. 

2025-2026 оқу жылының қорытындысы

Оқу-ағарту министрлігі 2025-2026 оқу жылының қорытындысын жасады. Министрлік мәліметінше, биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде екі жүз он бес мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.

“Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан астам. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан “Келешек мектептері” ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазір бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істеп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Оған қоса министрлік ел бойынша 25 мамыр Соңғы қоңырау қалай өтетінін айтты. 

“Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде “Білімім – Отаныма!” тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. Сонымен қатар “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына, білім мен ғылымға құрметті арттыруға, инновациялық ойлауды дамытуға Халықтық Конституцияда айқындалған басты стратегиялық бағыт ретінде ерекше назар аударылады”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар министрлік оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі таныстырылатынын мәлімдеді. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық мектептердегі түлектердің бітіру кешіне ақша жинауға, мейрамханаларда өткізуге тыйым салынғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 15:37