Кейбір қазақстандықтар шетелде қиындықтарға тап болып жатыр: Министрлік ескеру керек жайттарды түсіндірді

Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың шетелде виза, миграция, транзиттік және кедендік талаптарды білмеу немесе сақтамау салдарынан қиын жағдайға тап болып жатқанын мәлімдеді. Мұны ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ерлан Жетібаевтың сөзінше, соңғы уақытта Қазақстан азаматтары өзге елдің ережелерін білмеуінен түрлі мәселелерге тап болу жағдайлары жиілеген.
Оқыңыз“Бұл жағдай виза мен құжаттардың болмауына байланысты рейске отырғызудан бас тарту, шетелде болу мерзімін бұзу, тыйым салынған немесе декларацияланбаған тауарларды алып өтуге әрекетін жасауға қатысты. Оған қоса транзит пен шетелде болу ережелерін сақтамау жағдайлары тағы бар”, – деді СІМ ресми өкілі.
Осыған байланысты министрлік қазақстандықтарды шетелге шығар алдында баратын елдің, транзиттік мемлекеттердің заңнамасын алдын ала мұқият зерттеуге шақырды.
“Паспорттың, визаның, тұруға рұқсаттың және өзге де құжаттың жарамдылық мерзіміне ерекше назар аудару қажет”, – деді Жетібаев.
Сыртқы істер министрлігі медициналық сақтандыруды алдын ала рәсімдеуге, әуе билеттерін тек ресми сервистер арқылы сатып алуға, әуе компаниясының жүк пен транзитке қатысты талаптарын сақтауға кеңес берді.
Бұдан бөлек, ведомство азаматтарға өз құжаттарын үшінші тұлғаларға бермеуді және ішіндегі зат нақты белгісіз болса, бөтен сөмкелерді, сәлемдемелер мен өзге де заттарды тасымалдауға алмауды ескертті.
Егер адам шетелге жұмысқа, оқуға немесе емделуге бара жатса, барлық құжатының рас әрі заңды екенін алдын ала тексеріп алуы керек.
“Қазақстанның дипломатиялық және консулдық мекемелері азаматтарға өз құзыреті аясында қажет консулдық-құқықтық көмек көрсетеді. Дегенмен, барған елдің заңнамасын сақтау және белгіленген талаптарды орындау жауапкершілігі тікелей азаматтың өзіне жүктеледі”, – деді Жетібаев.
Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды шетелге сапарды жауапкершілікпен жоспарлап, шет мемлекеттердің заңын қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан паспорты Henley Passport Index әлемдік рейтингінде 57-орынға көтерілгені туралы жазған едік. Сол кезде енді Қазақстан азаматтарының 78 елге визасыз бара алатыны айтылған.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр