Дубайдағы қазақстандықтың ісі: Оның не үшін өмір бойына сотталғаны белгілі болды

Сыртқы істер министрлігі Дубайда өмір бойына сотталған Қазақстан азаматына қатысты жаңа деректер жариялады. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ, іс бойынша апелляциялық шағым берілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ерлан Жетібаев ведомствоның Біріккен Араб әмірліктерінде сотталған Қазақстан азаматына қатысты жағдайдан хабардар екенін айтты.
“Құзырлы органдардан алынған ресми ақпаратқа сәйкес, биыл 18 наурызда Дубайдың бірінші инстанция соты Қазақстан азаматын қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру және айыппұл жазасын тағайындады”, – деді Жетібаев.
Әмірлік тарапының мәліметінше, қазақстандық былтыр Біріккен Араб әмірлігінің құзырлы органдары қозғаған қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың бірі саналады.
“Аталған қылмыстық іс адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу секілді ауыр қылмыстар санатына жатады”, – деді СІМ ресми өкілі.
Қазір іс бойынша апелляциялық шағым берілген.
“Осыған байланысты үкім заңды күшіне енген жоқ. Сыртқы істер министрлігі мен елшілік бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр”, – деді Жетібаев.
Айта кетейік, бұған дейін 22 жастағы Қазақстан азаматы Ернұр Алмахан Дубайда өмір бойына сотталғаны туралы жазған едік. Ол 2024 жылы Біріккен араб әмірліктеріне жұмыс істеуге кеткен. Үй ішімен үнемі хабарласып отырған ол соңғы қоңыраулардың бірінде өзіне жала жабылғанын айтқан. Дегенмен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің 14 сәуірде берген ақпаратында оның өмір бойына сотталғаны айтылады. Ал қандай баппен істі болғаны белгісіз.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр
Оқыңыз