Қазақстанда зейнетақы жинақтарын шешіп алу шегін көтеру не үшін қажет: Зейнетақы қоры түсіндірді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) есептеу әдістемесіне енгізілетін өзгерістерге қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қор мәліметінше, ТЖШ есептеу әдістемесін қайта қараудың мақсаты - болашақ жинақтаушы зейнетақының жеткіліктілігін қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасына қойылатын талаптарды арттыру. Сондай-ақ бұл өзгеріс зейнет жасындағы зейнетақы төлемдері есебінен салымшының кірісті алмастыру коэффициентін (КАК) кезең-кезеңімен (ең төменгі халықаралық стандарттарды ескере отырып) өсіруді көздейді.
Өзгеріс жасауға не себеп болды?
Қор өкілдерінің айтуынша, қолданыстағы әдістемеге сәйкес ТЖШ мөлшері жыл сайын бекітілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді, ең төменгі жалақы мөлшері мен инвестициялық кірістілік негізінде болашақ зейнетақы жарналарының болжамды көрсеткіштерін ескере отырып жүргізілген есептеулер нәтижесінде белгіленеді.
Қор бұл әдістеменің бірқатар осал тұсын атап өтті:
- ұзақ мерзімді макроэкономикалық болжамдарға тәуелділік, осының әсерінен жыл сайын ТЖШ мөлшері құбылмалы болады;
- салымшының болашақ зейнетақы жарналарын нақты төлеуіне кепілдіктердің болмауы;
- болашақ зейнетақы төлемдері мөлшерінің аздығы.
Қолданыстағы әдістеме бойынша, азамат зейнетақы жинақтарының ең төменгі шектен асатын бөлігін пайдаланған жағдайда міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) аударуды одан әрі қарай жалғастырады деп есептеледі. Мұндай жағдайда болашақта шамамен қазіргі күнкөріс минимумы деңгейінде, яғни 50 мың теңгеге жуық зейнетақы алады деп қарастырылады. Алайда іс жүзінде жарналар тұрақты аударылмауы немесе мүлде тоқтап қалуы мүмкін.
"Соның себебінен бүгінгі ТЖШ болашақ зейнетақы көлемінің жеткіліктілігін қамтамасыз ете алмайды деген қауіп бар. Жарналар уақытылы аударылып, іс жүзіндегі ТЖШ мөлшерін қамтамасыз еткеннің өзінде 50 мың теңге көлеміндегі жинақтаушы зейнетақы бүгінгі медианды жалақының 15%-на да жетпейді”, – делінген қор хабарламасында.
Жаңа әдістемеде не ұсынылады?
Қор мәліметінше, ұсынылған жаңа әдістеме азаматтарға зейнетақы төлемдерінің неғұрлым жоғары және болжамды деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа тәсілге сәйкес ТЖШ-дан жоғары жинақтарды алғаннан кейін болашақ жинақтаушы зейнетақы мөлшері медианды жалақының кемінде 40% деңгейіне жуықтайды (Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2025 жылғы IV тоқсанда оның мөлшері 339 912 теңгені құрайды).
Сонымен қатар қор өкілдері ұсынылған жаңа әдістемеде жеткіліктілік шегі болашақ жарналарға және макроэкономикалық көрсеткіштердің жыл сайынғы болжамды өзгерістеріне байланысты болмайтынын атап өтті.
"ТЖШ шамалары ұлттық статистиканы ескере отырып, БҰҰ үнемі жаңартып отыратын Қазақстан халқының демографиялық кестелерін қоса алғанда, ұзақ мерзімді факторлар негізінде айқындалатын болады. Тиісіншеазаматтар болашақ зейнетақы мөлшерін болжай алады және ЭЫДҰ елдерінің нысаналы көрсеткіштеріне кезең-кезеңімен жақындайды”, – делінген хабарламада.
Қор мәліметінше, ТЖШ мөлшері қазіргідей салымшының жасына байланысты болады: азамат зейнеткерлік жасқа неғұрлым жақын болса, болашақ зейнетақыны қамтамасыз ету үшін ТЖШ деңгейі соғұрлым жоғары болуы керек.
"ТЖШ анықтау үшін болашақ зейнетақы төлемінің ағымдағы құнын есептеудің классикалық формуласы пайдаланылатын болады. Басқаша айтқанда, жаңа формула бойынша жинақтардың ең аз сомасы, яғни мақсатты мөлшерде зейнетақы алуды қамтамасыз ету үшін салымшының жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) болуы тиіс ТЖШ шамасы айқындалады. Сонымен қатар, болашақ төлемдерді есептеу инфляция мен инвестициялық кірістің әсерін ескереді, яғни болашақ төлемдердің мөлшері инфляцияны ескере отырып нақты мәнде өседі”, – делінген қор хабарламасында.
Осылайша, ТЖШ-ны айқындаудың жаңа әдістемесі зейнетақы төлемдері есебінен салымшының кірісін алмастыру коэффициентінің жеткіліктілігін қамтамасыз ету мақсатында болашақ жинақтаушы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасына қойылатын талаптарды арттырады.
Сондай-ақ жаңа әдісте ТЖШ анықтау жүйесін зейнетақымен қамсыздандырудың халықаралық стандарттарына жақындатуға және зейнеткерлікке шыққан кезде зейнетақы жинақтарының жеткіліксіздігі қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинағын алу шегі енді қалай есептелетінін жазған едік.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр
Оқыңыз