Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға Құрбан айт қарсаңында мал сою және етті сақтауға қатысты ескерту жасалды

Құрбандық мал
Фото: depositphotos.com

Құрбан айт мерекесі қарсаңында құрбандыққа шалуға мал сою, ет өнімдерін сақтау және тұтыну кезінде санитариялық және ветеринариялық талаптарды сақтау қажеттігін еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев құрбандық шалу кезінде инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу, сондай-ақ тағамнан улану жағдайларын болдырмау маңызды екенін атап өтті.

“Ең алдымен, құрбандыққа мал сою тек арнайы белгіленген орындарда — ресми мал сою пункттері мен жергілікті атқарушы органдар айқындаған алаңдарда жүргізілуі тиіс екенін еске саламыз”, — деп хабарлады департаменттен.

Мамандандырылған объектілерде қажетті санитариялық жағдайлар қамтамасыз етіледі:

— сою алдында құрбандыққа шалынатын ірі қара немесе ұсақ малға ветеринариялық тексеру жүргізіледі;

— сойылғаннан кейін етке ветеринариялық-санитариялық сараптама жасалады;

— өнімді қауіпсіз сақтау және қалдықтарды кәдеге жарату үшін қажетті жағдайлар қарастырылған.

Аулаларда, жеке секторларда, тұрғын үйлердің маңында немесе басқа да белгіленбеген орындарда малды союға тыйым салынады, өйткені бұл инфекцияның таралу, қоршаған ортаның ластану және жұқпалы аурулардың пайда болу қаупін тудырады.

Союға тек ветеринариялық тұрғыдан қолайлы шаруашылықтардан шыққан сау малдар ғана жіберіледі.

“Етті сақтау талаптарына ерекше назар аудару қажет. Союдан кейін ет салқындатылған күйде сақталуы тиіс. Ет өнімдерін күннің астында, автокөліктерде немесе бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдыруға болмайды”, — деп ескертті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Ет сатып алу кезінде оның сыртқы түріне, түсіне, иісіне және консистенциясына назар аудару керектігі айтылған.

Жаңадан сойылған ет өнімдерінде бөгде иіс, шырыш, жабысқақтық немесе дақтар болмауы керек. Тұтынар алдында ет міндетті түрде мұқият термиялық өңдеуден өткізілуі қажет.

Сондай-ақ келесі ұсынымдарды сақтау маңызды:

- етпен жұмыс істеудің алдында және кейін қолды жуу;

- шикі ет пен дайын өнімдер үшін бөлек пышақтар мен тақтайларды пайдалану;
дайын тағамдарды тек тоңазытқышта сақтау.

“Егер сіз қоғамдық орындарда немесе тұрғын үй секторында малды рұқсатсыз союға куә болсаңыз, 102 нөмірі арқылы полиция органдарына хабарласу қажет. Құрметті тұрғындар! Өз денсаулықтарыңызды сақтап, ет өнімдерін тек арнайы белгіленген сауда орындарынан және ветеринариялық ілеспе құжаттары болған жағдайда ғана сатып алыңыздар, — делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалуға қатысты маңызды мәлімдеме жасағанын жазғанбыз. 

Stan.kz
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 19:21