Өскеменнің экс-әкімі Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

Өскемен қаласының экс-әкімі Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлық бабы бойынша айып тағылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған Жақсылық Омар сот шешімімен келіспей апелляциялық шағым түсірген еді.
Шығыс Қазақстан облыстық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
"Іс жәбірленушінің және қорғаушылардың апелляциялық шағымдары бойынша қаралды. Олар тағайындалған жазамен келіспей, оны тым қатаң деп санаған. Сонымен қатар, қорғаушылардың бірі сотталған адамның әрекеттерінің саралануына да дау айтқан. Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың сотталушының әрекеттерін дұрыс саралағанын, жаза түрі мен мөлшері заң талаптарына толық сәйкес, жасалған ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысының жоғары қоғамдық қауіптілігі ескеріле отырып тағайындалған деген қорытындыға келді. Бұл қылмыс мемлекеттік биліктің беделіне және қоғамның оған деген сеніміне нұқсан келтіреді. Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды", – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық соты.
Еске салайық, 3 сәуірде Өскемен қаласының №2 сотында сот Жақсылық Омарды кінәлі деп танып, оның мүлкін тәркілей отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ оның Toyota маркалы автокөлігі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Бұған дейін сотта прокурор айыптауды екі эпизод бойынша оқыған. Бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болып жұмыс істеген кезеңіне қатысты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленуші ретінде танылған адам біреудің өтінішімен қалалық кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік алу туралы өтініш рәсімдеген. Соның нәтижесінде ол 2021 жылғы Toyota Camry 75 автокөлігін алған. Кейін оның айтуынша, көлікті әкімдік ғимаратына жеткізіп, кілтін тапсырып, содан кейін қайта көрмеген.
Кейін автокөлік үшінші тұлғаның атына қайта рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгідегі көлікке айырбасталған. Тергеу деректеріне сәйкес, бұл көлікті айыпталушы пайдаланған.
Жәбірленушіге келтірілген шығын 13 миллион теңге деп бағаланған. Осыған байланысты Жақсылық Омарға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша айып тағылған. Алайда сотта жәбірленуші шығынның өтелгенін айтып, ешқандай талап-арызы жоқ екенін мәлімдеген.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр