Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімдігі Орталық саябақтағы жер телімдерін жалға беру шартын бұзды

Қақпа
Фото: almatycity.kz

Алматыда Орталық саябақтағы 5 гектар жер мемлекеттік басқаруға қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы әкімдігі Горький атындағы Орталық мәдени және демалыс саябағы аумағындағы жер учаскелерін жалға беру шарттарын ұзартудан бас тартты.

"Бұл шешім жалға алушы “ТФК "Алтын-Тараз” ЖШС аумақты абаттандыру мен инфрақұрылымды жақсартуға қаражат салмағанына байланысты қабылданды. Жалға беру қатынастарының тоқтатылуының негізгі себептерінің бірі – саябақ аумағының ұзақ уақыт бойы тиісті деңгейде күтіп-ұсталмауы. Инфрақұрылым мен аттракциондардың едәуір бөлігі ескірген, қаланың негізгі демалыс аймақтарының бірі саналатын саябақтың қазіргі жағдайы тұрғындар тарапынан көптеген сынға ұшырап отыр", – делінген әкімдік хабарламасында.

Жалға алушы бұл шешімді сотта даулауға тырысқанымен, сот талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты. Нәтижесінде саябақ аумағындағы жалпы көлемі 5 гектарды құрайтын 94 жер телімі мемлекеттік басқаруға қайтарылды.

Енді әкімдік саябақты жаңғырту тұжырымдамасын әзірлейді, аумақты көгалдандыру, заманауи демалыс аймақтарын құру және туристік әрі мәдени инфрақұрылымды дамыту жоспарланған.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда бірнеше көше біржақты қозғалысқа ауысатыны туралы жазған едік. Сонымен қатар қалада жаңа автобус жолақтары мен веложолдар пайда болып, ақылы автотұрақ саны көбеймек.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 22:54