"Адам өлімі үшін 100 түйе беретін": Әл-Фарабидағы жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі 100 миллион теңге талап етті

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот ісінде адвокат марқұмның әкесі сотталушыдан 100 миллион теңге талап еткен азаматтық талабын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұмның әкесі өз талап арызында адам өмірі ең жоғары игілік екенін, ал оны заңсыз айыру жәбірленушінің жақындарына орны толмас азап әкелетінін атап өтті. Ол бұрын адамның өлімінің құны 100 түйе болғанын айтты.
"Жалғыз қызымның өлімі мен үшін ауыр қайғы және орны толмас шығын болды. Ол мерт болғаннан бері менің өмірім екіге бөлінді. Баламды жоғалтып алғаным үшін күнде азап шегемін. Ешқандай материалдық байлық қызымды қайтара алмайды, бұрынғы өмірімді қалпына келтірмейді, бастан кешкен қайғыны өтей алмайды”, – деді әкесі.
Ол қызының 20 жаста екенін, жалғыз қызын жоғалтқан әкенің азабын, салдарының қайтымсыздығын, бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің мүмкін емес екенін атап өтті. Соны ескере отырып, моральдық зиянды өтеу сомасын 100 миллион теңге көлемінде белгілеуді сұрады.
Еске салсақ, Әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі айыпталушыға кешірім бермегенін айтты. Кейін ол марқұмның жақыны ретінде сотқа қатысуды сұрап, жәбірленуші ретінде танылған еді.
Жол апаты туралы толығырақ
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.
26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.
Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.