Әзербайжанда теңіз астындағы құбырдан мұнай ағып Каспий теңізі ластанды

19 маусым күні "Азнефть" өндірістік бірлестігінің орталық аппаратының қызметтеріне Дюбенди жағажайының мұнаймен ластанғаны туралы туралы ақпарат түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AZERTAC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әзербайжанның SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясының мәліметінше, Пираллахи аралы мен Дюбенди кенті арасындағы акваторияға кемелер мен тікұшақтың көмегімен тексеру жүргізілді. Нәтижесінде мұнай дағы анықталды.
Бастапқы кезеңде судың ластанғаны жай көзбен қарағанда байқалмады. Мұнайдың төгілуіне қатысты бірнеше ықтимал себеп қарастырылды. Тексеру нәтижесінде жағажайдың ластануына "Азнефть" өндірістік бірлестігіне тиесілі суасты мұнай құбырларының бірі себеп болғаны анықталды.
Мұнайдың ағып жатқан жері анықталғаннан кейін аталған құбыр арқылы мұнай тасымалдау дереу тоқтатылды. Оқиғаның салдарын жою үшін "Азнефть" өндірістік бірлестігінде жедел штаб құрылып, жағдай бақылауға алынды.
Суасты қызметі жүргізген тексеру барысында мұнай құбырынан механикалық зақым табылған. Алдын ала бағалау бойынша, зақым сыртқы затпен жанасу салдарынан пайда болған. Мамандар оның кеме зәкірімен соқтығысуынан болған деп болжап отыр.
Зақым анықталғаннан кейін бірден оны жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жұмыстар толық аяқталғанға дейін бүлінген құбырды пайдалану тоқтатылды. Осылайша бұдан кейін теңіз мұнаймен былғанбайды.
Оқиғаның салдарын жою, соның ішінде теңіз акваториясы мен жағалау аумағын тазарту жұмыстары Төтенше жағдайлар министрлігі мен "Азнефть" өндірістік бірлестігінің үйлестіруімен жүргізіліп жатыр.
Оқыңыз