Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бірнеше көше біржақты қозғалысқа ауысады: Тізімі жарияланды

автобус жолы
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі жол кептелісін азайту үшін бірнеше көшеде біржақты қозғалыс енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар қалада жаңа автобус жолақтары мен веложолдар пайда болып, ақылы автотұрақ саны көбеймек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әкімдік қазіргі таңда "Тастақ" базары маңындағы бірнеше көшеде біржақты қозғалыс енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Өзгеріс мына көшелерге қатысты болуы мүмкін:

  • Брусиловский;

  • Тұркебаев;
  • Қарасай батыр;
  • Құлымбетов – Прокофьев;
  • Әуезов – Байзақов;
  • Жуков – Уәлиханов;
  • Радостовец көшелері.

Сондай-ақ Тимирязев, Жандосов, Манас, Мыңбаев, Береговой, Армян, Айманов және Пушкин көшелерінде де қозғалыс бағытын өзгерту жоспарланып отыр.

Басқарма мәліметінше, қалада алдымен уақытша жол белгілері мен сызбалар арқылы пилоттық жобалар іске қосылады. Егер нәтиже оң болса, кейін тұрақты жүйеге енгізіледі.

Шенеуніктің айтуынша, мұндай өзгерістер көшелердің өткізу қабілетін 20-25 пайызға дейін арттырып, жол апаттарын 35 пайызға дейін азайтуы мүмкін.

Сонымен қатар Алматыда жаңа автобус жолағын ашу мәселесі де қаралып жатыр. Арнайы жолақтар әл-Фараби даңғылында, Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтбаев, Өтеген батыр, Рысқұлов көшелерінде, сондай-ақ Шығыс айналма жолы мен Солтүстік айналмада пайда болуы мүмкін.

Қалада велосипед инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары да жалғасады. Қазіргі уақытта Алматыдағы веложолдардың жалпы ұзындығы 87 шақырым болса, жыл соңына дейін оны 125,5 шақырымға дейін жеткізу жоспарланған. Жаңа веложолақтар Сәтбаев, Масанчи, Жароков, Жандосов, Жамбыл,

Қарасай батыр, Қазыбек би көшелерінде және Назарбаев пен Абылай хан даңғылдарында салынуы мүмкін. Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі де кеңейтіледі. Қазір қалада шамамен 17 мың ақылы тұрақ орны бар. 2026 жылдың соңына дейін тағы 8 мың орын ашу жоспарланған. Алайда аулалардағы тұрақтарды ақылы ету әзірге қарастырылмайды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін салу үшін 270 жер телімі мемлекет қажетіне алынатынын жазған едік. Бұл туралы 2026 жылғы 26 наурыздағы қаулыда көрсетілген. Жоба Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарын қамтып, маршрут Алматы-2 вокзалы мен Мөңке би көшесінің аралығында өтеді. Жер телімдерін алу мерзімі 2028 жылдың соңына дейін жалғасады. Иелеріне заңға сәйкес өтемақы төленеді. Жоспар бойынша LRT желісі 2029 жылы іске қосылады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 14:54