Павлодарда скверді жөндеу кезінде қажеттіден үш есе көп плита алмақ болған

Павлодарда Орталық скверді жөндеу кезінде заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Павлодар қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алуларға талдау жүргізді.
Орталық скверді жөндеуді жоспарлау барысында сметалық құжаттамаға көлемі 25 мың шаршы метрден асатын тротуар плиталарын төсеу жұмыстары, сондай-ақ құны 368 миллион теңгеден асатын дәл осындай көлемдегі бетон плиталарын сатып алу енгізілген.
Ал сквердің жалпы аумағы – шамамен 25 мың шаршы метр, оның құрамына көгалдар, жасыл желектер, ағаштар мен төселмейтін ашық топырақ учаскелері кіреді.
Жүргізілген өлшеулер нәтижесінде тротуар плиталарына нақты қажеттілік 9 мың шаршы метрден аспайтыны анықталды. Осылайша жобада көзделген жұмыс көлемі мен материалдар нақты қажеттіліктен едәуір асып кеткен, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу қаупін тудырған.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
“Павлодар қаласының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік мүдделерді қорғау және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр”, – делінген хабарламада.
Оқыңыз