Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Family Park-ты мемлекет меншігіне қайтарылмақ: Саябақ жер дауының ортасында қалды

Family Park
Фото: wikipedia.org

Бүгін Алматы қалалық "AMANAT" партиясы филиалында "Жер Аманаты" комиссиясының отырысы өтіп, онда Family Park аумағындағы жер телімін пайдалану заңдылығы мәселесі қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәселені қарауға қала тұрғындарынан түскен көптеген шағымдар, соның ішінде саябақтың қанағаттанарлықсыз жағдайына қатысты арыздар себеп болған.

Бұған дейін Алматы мәслихатының депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері парк аумағына мониторинг жүргізген. Тексеру барысында бірқатар жүйелі мәселе анықталған. Аумақтың санитарлық жағдайының нашарлығы, инфрақұрылымның тозуы, аттракциондардың техникалық жағдайы мен қауіпсіздігіне қатысты күмән, жасыл желектерге тиісті күтімнің болмауы, сондай-ақ парктің ұзақ жылдар бойы дамытылмағаны белгілі болды.

Алматы қалалық "AMANAT" партиясы филиалының төрағасы Станислав Канкуровтың айтуынша, Family Park айналасындағы жағдай әлдеқашан жеке шаруашылық мәселесінің шеңберінен шығып, мыңдаған алматылықтың мүддесіне әсер етіп отыр.

"Family Park жай ғана коммерциялық нысан емес, әлеуметтік маңызы бар қоғамдық кеңістік, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Қазір парктің жағдайы көңіл көншітпейді, тиісті деңгейде дамымай отыр, ал тұрғындардың шағымдары әлі де түсуде. Егер жер телімін пайдаланушы өз міндеттемелерін орындамаса, қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасамаса, заңда қарастырылған шаралар қабылдануға тиіс. Тіпті нысанды мемлекет меншігіне қайтаруға дейін баруға болады", – деп атап өтті Станислав Канкуров.

Ал Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ержан Ташпенбетов тексеру барысында жер телімін беру заңдылығына қатысты заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді.

"Тексеруден кейін жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту және кейіннен жалға беру шарты заңнамада белгіленген тәртіппен бастапқы жер пайдалану құқығы тиісті түрде рәсімделмей жүзеге асырылғаны анықталды. Осыған байланысты департамент тарапынан заңбұзушылықтарды жою туралы тиісті нұсқамалар берілді. Егер олар белгіленген мерзімде орындалмаса, әкімдік қаулысы мен жерді жалға беру шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беріледі", – деді Ержан Ташпенбетов.

Еске салайық, бұған дейін Алматы прокуратурасы "Медеу" өңірлік табиғи паркіне шекаралас аумақта орналасқан жалпы ауданы 288 гектар болатын екі жер телімінің заңсыз түрде жекеменшікке берілгенін анықтаған еді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы су қоры жерлеріне жататын бұл аумақтар заң бойынша сатылмауы тиіс болған. Сот мәмілелерді жарамсыз деп танып, нәтижесінде құны 17 миллиард теңгеден асатын жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Айым Атамбаева
Сенбі, 23 Мамыр, 2026 14:38