Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Прокурор Zeekr жүргізушісін 10 жылға соттауды сұрады

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылындағы апат ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Прокурор үш адамның өліміне күдікті жүргізушіге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Прокурор жол-көлік оқиғасының кешенді сот-медициналық сараптамасының қорытындыларын оқыды. Оның қорытындысына сәйкес, көлік соқтығысу алдында шамамен 115 км/сағ жылдамдықпен жүрген. Қала жағдайында, түнде және мас күйінде мұндай жылдамдықпен көлік жүргізу абайсыздық деп саналмайды. Бұл барлық жол қозғалысына қатысушыға әдейі өлім қаупін тудыру дейді.
“Сотталушының мас күйінде көлік жүргізу, жол қозғалысы ережелерін бұзу және жәбірленушілердің өліміне себеп болу кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелермен толық расталады. Бұл іс бойынша үкім кез келген адам үшін айқын ескерту болуы керек. Ол заң бойынша толық жауап беруі керек”, – деді прокурор Әлібек Күмісбеков.
Оның айтуынша, бұл қылмыстық іс ерекше маңызды. Басқа қазақстандықтарға мас күйінде көлік жүргізуге жол берілмейтінін көрсетеді.
"Александр Пакты қылмыс үшін кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру және жүргізуші куәлігінен айыру жазасын тағайындауды сұраймын", – деді прокурор.
Жол апаты туралы толығырақ
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.
26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.
Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.Әл-Фарабидағы жол апаты