Анасы омыраудан шығару үшін күтушіге қалдырған жеті айлық сәби жұмбақ жағдайда көз жұмды

Алматылық Гүлайым Серікбол жеті айлық қызын омыраудан шығару үшін үш күнге күтушіге қалдырған. Алайда араға бірнеше сағат уақыт салып кенже қызының көз жұмғаны туралы суық хабар алған. Бала күтуші сәбидің өлімі бойынша күдікті ретінде бірден қамауға алынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Гүлайым Серікбол – алты баланың анасы. Қапыда кенже қызынан айырылғанына сегіз айдан аса уақыт өтті. Сәбиін омыраудан шығарып, күйеуіне қолқабыс болуды қалаған келіншек, бөбегін бала бағушыға сеніп тапсырған. Алайда арада бірнеше сағат өткен соң, "перзентіңіз қаза тапты" деген суыт хабар естіпті.
Оның айтуынша, суық хабар таңғы сағат төртте келген. Оған "Қызыңыз дем алмай жатыр" деп айтқан.
“4-тен 30 минут кеткен кезде мен сол жерде болдым. Барған кезімде қызым залда жатты. Бетін ақ матамен жауып тастаған. Барып, бетін ашып қарағанымда, маңдайының екі жақ шеті көгеріп кеткен, қол-аяғы суып кеткен. Сол жерге келген дәрігерлердің айтуы бойынша, ол бала бір жарым сағат бұрын қайтыс болып кеткен. Сараптамада "мойнынан қылқындырды, асфиксия" деп берді. Сотталушы есі шықты. Шыңғырып, айғайлап, жылап жатты. "Мен емес, мен істеген жоқпын, мен істеген жоқпын" деді. Бала менің қолымда жатты. "Ұйықтап кеттім" деген әңгіме айтты”, – деді Гүлайым Серікбол.
Күтуші сәбидің өлімі бойынша күдікті ретінде бірден қамауға алынған. Ал қазір іс сотта қаралып жатыр. Айыпталушы нәрестенің қазасына "қатысым жоқ" деп ақталып жатыр. Тіпті оның адвокаты баланы жеті айына дейін дәрігерге апармаған анасының өзін кінәлады.
Оқыңыз“Жеті айлық бала, нәресте ғой. Туғаннан бастап тұрғылықты жерінде ешқандай бір тіркеуге тұрмаған. Баланы қарату, ол туған соң қандай нелері бар, басқа да бір себептері, мысалы, денсаулығына қатысты. Ол балаға қарап та, дұрыс көмек көрсетіп, оның ауырғаны туралы да білмеген. Қазір анықталып отыр, сот, тергеу барысында. Бұлардың қатесі – бала жылаған кезде мамасына дәл сол кезде, бір сағат немесе екі сағаттың ішінде айтып, жедел жәрдем шақырып, баланы өткізіп тастауы керек еді. Соны өткізбегені кінәсі болып тұр”, – деді айыпталушының адвокаты Әділжан Мақсатов.
Осы тұста заңгерлер сәбиге күтуші жалдамас бұрын оның соттылығы мен психикалық ауытқуы бар-жоғын біліп алу керек дейді.
“Күтуші жайлы анықтама талап етуге міндетті. Бұрын сотты болған-болмағаны, наркологиялық диспанцерде есепте тұратын‑тұрмайтыны, психологиялық диспансерде есепте тұратын-тұрмайтыны, мінездемесі. Полиция инспекторынан алып келетін және де жалпы тәжірибесі бар, бала күтумен айналысқаны қанша уақыт болғанын анықтау қажет. Өйткені бала күту оңай шаруа емес. Онымен кез келген, көшеден келген адам айналыса алмайды”, – дейді заңгер Ғабит Өмірбек.
Кішкентай ғана бүлдіршін қаза тапқан бұл іс жеті айдан бері жан-жақты қаралып жатыр. Нәрестенің өліміне нақты кімнің кінәлі екенін алдағы уақытта сот шешпек. Егер бала күтушінің айыбы толық дәлелденсе, ол еліміздегі ең қатаң жаза — өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.