Қазақстандықтар вейптерді заңсыз сатып 221 миллион теңге тапқан

Қаржы мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті вейптер мен оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз өткізумен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнімдерді өткізу әлеуметтік желілердегі интернет дүкендер арқылы жүзеге асырылып, жеткізу курьерлік қызметпен ұйымдастырылған.
Қатысушылар заңсыз қызметін жасыру мақсатында конспирация шараларын қолданып, ақша қаражатын қабылдау және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дропперлердің қызметін пайдаланған.
“Қылмыстық табыс көлемі 221 миллион теңгеден асты. Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі пәтер мен автокөлікке тыйым салынды. Ұйымдастырушы қамауға алынды”, – деп мәлімдеді агенттік.
Тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі вейптерді заңсыз өткізу фактілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Заңсыз айналымнан 717 мың дана өнім тәркіленді.
Агенттік вейптерді пайдалану, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында никотинге тәуелділіктің қалыптасуына әкеледі. Никотин жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесіне кері әсер етіп, созылмалы аурулардың даму қаупін арттыратынын ескертті.
Оқыңыз