Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Halyk Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсетпек

Халық банк Ақмола

Ақмола облысының әкімдігі мен Halyk Bank кәсіпкерлікті дамытуға, әлеуметтік маңызды бастамаларды қолдауға және аймақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова қол қойды.

Келісім шағын және орта бизнесті қолдау, қаржылық сауатты арттыру, шығармашылық жобаларды әзірлеу мен цифрлық бастамалар сияқты бірнеше салада серіктестікті кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар тараптар конференциялар, білім беру іс-шаралары және дөңгелек үстелдер өткізуге дайын екенін білдірді.

Ақмола облысында іскерлік белсенділік аса жоғары және аймақтың айтарлықтай кәсіпкерлік әлеуеті бар. Кейінгі жылдары мұндағы бизнесті қолдау үшін республикалық және жергілікті бюджеттен айтарлықтай қаражат бөлінді. Айта кетсек, агроөнеркәсіп кешені, өңдеу, сауда және қызмет көрсету саласындағы жобалар қаржыландырылды.

Осы бағдарламаларды іске асырудағы негізгі серіктес – Halyk Bank. Атап айтқанда, "Кең Дала-2" бағдарламасы бойынша, көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен несие беруде Halyk Bank аймақтағы ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландырудың негізгі бөлігін қамтамасыз етті.

"Банк мемлекет саясатының сенімді серіктесіне айналғанын атап өткім келеді. Біз шағын және орта бизнесті қолдау мен ынтымақтастықты жалғастырамыз деп үміттенеміз. Жобаларды бірлесе іске асыру өңірлік даму мен кәсіпкерлік бастамалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін", – деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова банк бизнесті қолдау бағдарламаларына белсенді қатысып, аймақ үшін экономикалық пайда әкелетін жобаларды қаржыландыруды жалғастыратынын айтты.

"Біз үшін тек қаржы институты ретінде қалмай, аймақ экономикасын дамытуға серіктес болған маңызды. Кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды, жаңа жұмыс орындарын ашатын, бизнесті дамытуға ықпал ететін және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын бастамаларды қаржыландыруды жалғастыруға ниеттіміз", – деп атап өтті Үміт Шаяхметова.

Меморандумға қол қою – Ақмола облысының тұрақты дамуын бірлесіп ілгерілетуге және бизнес мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталып отырған мемлекет пен қаржы саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюі. 

Назархан Уән
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 15:40