Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димаш Құдайберген Бангладештегі босқындар лагеріне барды

Димаш Құдайберген босқындар лагерінде
Фото: Hossain Ahammod Masum/IOM Bangladesh 2026

Қазақстандық әнші, БҰҰ Көші-қон агенттігінің ізгі ниет елшісі Димаш Құдайберген гуманитарлық миссиямен Бангладешке барды. 18 мамырда ол Кокс-Базардағы мәжбүрлі қоныс аударушылар лагерін аралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Dimashnews.com мәліметінше, Кокс-Базарда туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған миллионнан астам адам тұрады. Лагерьлер көшкін, су тасқыны, өрт және циклон сияқты табиғи апаттар жиі болатын аймақтарда орналасқан. Адамдар тар әрі уақытша баспаналарда өмір сүріп жатыр. Мұндай үйлер үнемі жөндеуді қажет етеді және тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Көші-қон агенттігі Бангладеш үкіметімен және Shelter/CCCM Sector ұйымымен бірлесіп, 17 лагерьде баспана және ең қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету жұмысын жүргізіп келеді.

Димаш Құдайберген делегация құрамында лагерьдегі тұрғын үй тарату пунктіне барып, мәжбүрлі қоныс аударушыларды баспанамен және алғашқы қажеттілік заттарымен қамту жұмысының барысымен танысты. Орталық мамандары жергілікті тұрғындарға үй салу және жөндеу дағдыларын да үйретеді.

Сапар барысында Димаш мәдени жад орталығына да барды. Мұнда туған жерінен кетуге мәжбүр болған адамдар өнер арқылы өз халқының тарихын, тілін, музыкасын және мәдени болмысын сақтауға тырысады.

Әнші жергілікті музыканттармен және музыкалық аспап жасайтын шеберлермен кездесті. Жас өнерпаздар мандолина, скрипка, барабан және басқа да аспаптарда ойнап, өз қауымының мәдени мұрасын жалғастырып келеді.

Кездесу соңында жергілікті музыканттар Димаш Құдайбергенге өз қолдарымен жасалған мандолинаны сыйға тартты.

Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайберген жас әншіге продюсерлік ететіні хабарланған еді. Әнші Hunan TV арнасындағы “Voice Beyond Horizon” жобасының алғашқы жеңімпазы – Нұржас Садырбаевтың продюсері болды. Енді жас әнші Димаштың қолдауымен кәсіби деңгейін жетілдіріп, халықаралық сахнаға шығуға мүмкіндік алады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 13:25