Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді Қазақстан Халық кеңесі заң ұсыну мен референдум өткізу құқығына ие болды

Қазақстан Халық Кеңесі құжат
Фото: magnific.com

Парламент "Қазақстан Халық кеңесі туралы" конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құжат халық мүддесін жеткізуге және мемлекеттік саясатты қалыптастырып, жүзеге асыруға, қоғамның қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған жаңа институтты бекітеді.

Заңда Қазақстан Халық кеңесінің жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде құқықтық мәртебесі айқындалған. Бұл институт келісілген ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейтін алаң болады. Қазақстан Халық кеңесіне:

  • Ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  • Құрылтайға заң жобаларын енгізу;
  • Жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын көтеру;
  • Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты қамтамасыз ету өкілеттігі беріледі.

Бұдан бөлек, кеңес Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастырып, өткізуге міндетті.

Заңда қоғамның негізгі топтарының теңдей өкілдігі қарастырылған. Яғни, этномәдени бірлестіктерден, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес сектордан, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 42 адамнан қатысады. Олардың талаптары, құқықтары мен міндеттері де жеке көрсетілген.

 Сонымен қатар заңда Қазақстан халық кеңесінің нақты құрылымы белгіленген. Оның ең жоғарғы органы – негізгі мәселелер бойынша шешім қабылдайтын сессия болады.

Белгілі бір бағыттарды талқылау үшін тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтары құрылады. Ал ұйымның жұмысын ұйымдастыру және талдау жұмыстарымен арнайы секретариат айналысады. Ол мемлекеттік орган ретінде құрылады.

Бұған дейін Парламент Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық кеңесі туралы заң жобасын мақұлдаған еді. 

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстан Халық Кеңесінің нақты параметрлерін таныстырды. Министрдің айтуынша, Конституциялық заң жобасы халық мүддесін білдіруге және мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған жаңа конституциялық институтты заң жүзінде бекітуді көздейді.

Заң жобасында Халық кеңесінің мәртебесі “мемлекет жанындағы жоғары консультативтік орган” ретінде айқындалады. Осылайша, қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты диалог алаңын құру көзделіп отыр. Халық кеңесі арқылы азаматтар өз ұсыныстары мен мәселелерін билікке жеткізе алады.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 11:19