Алматыда немері інісін "зорламадым" деген 35 жастағы ер адамға қатысты ақтау үкімі күшін жойды

Алматыда кәмелетке толмаған немере інісіне бірнеше рет сексуалдық сипаттағы зорлық көрсетті деп айыпталған 35 жастағы ер адамға қатысты ақтау үкімі жойылды. Іс елеулі процессуалдық заңбұзушылықтарға байланысты қайта қарауға жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Прокуратура мен жәбірленуші тарап соттың ақтау үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. 28 сәуірде Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы істі қайта қарады. Прокурордың айтуынша, бірінші сатыдағы сот Қылмыстық-процестік кодекстің істі жан-жақты әрі объективті зерттеу талабын бұзған. Ол жасөспірімнің психологтардың қатысуымен қылмыстың мән-жайын, қысым көрсету мен қорқыту фактілерін тұрақты түрде баяндағанын атап өтті.
"Жәбірленуші қылмыстың жасалған уақыты мен орнын, тәсілін, оның жүйелі әрі қайталанған сипатын, сондай-ақ психологиялық қысым мен қорқыту деректерін егжей-тегжейлі айтқан. Бұл көрсетулер уақыт өте өзгермеген және ішкі қайшылықтар болмаған", – деді прокурор.
Ол соттан ақтау үкімінің күшін жойып, айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі "Кәмелетке толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері" бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші тараптың адвокаты соттың баланың психологиялық жағдайын ескермегенін мәлімдеді.
"Сот үкімінде баланың көмекке шақыруға, айғайлауға немесе телефон арқылы хабарласуға мүмкіндігі болғаны айтылып, осыны негізге ала отырып қылмыс фактісін жоққа шығаруға тырысқан. Бала психологиясын мүлде түсінбеудің көрінісі. Зорлық-зомбылық кезінде кәмелетке толмаған бала қатты қорқыныштан сілесе қалып, дыбыс шығаруға да шамасы келмеуі мүмкін. Ал айыпталушының “өлтіремін, әпкелеріңнен айырамын” деген қоқан-лоққысы баланың қарсылық көрсету еркін толықтай басып тастаған", – деді адвокат сот барысында.
Апелляциялық алқа тараптардың уәждерін тыңдап, ақтау үкімінің күшін жойды. Сот мұндай шешімді тергеудің толық жүргізілмеуі және Қылмыстық-процестік кодекстің елеулі бұзылуымен байланыстырды.
Бұған дейін 15 жастағы жасөспірімнің туысы жүгінген. Туысының айтуынша, әкесі 2020 жылы қайтыс болғаннан кейін бала мен оның екі әпкесі нағашы ағасының қамқорлығында қалған. Тергеу нұсқасы бойынша қамқоршының ересек ұлы 2022 жылдан 2025 жылға дейін жасөспірімге қатысты зорлық әрекеттерін жасаған.
Алайда 2025 жылғы 29 желтоқсанда бірінші сатыдағы сот ер адамды ақтап шыққан. Бұған сараптама қорытындысы негіз болған. Онда киім мен төсек жабдықтарынан айыпталушының ДНҚ іздері табылмаған. Сондай-ақ өзге сараптама жасөспірімнің психикалық ауытқуы жоқ екенін және "болып жатқан әрекетті түсініп, қарсылық көрсете алғанын" көрсеткен. Жасөспірім мен оның әпкелерінің жантүршігерлік айғақтарына қарамастан, бірінші сатыдағы сот 2025 жылғы 29 желтоқсанда ер адамды ақтап шыққан.
Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, тағылған айыптарды "баланың қызғанышы" деп атаған. Жасөспірімнің туысының айтуынша, 5 мамырда алдын ала тыңдау өтіп, сот істі жаңа айыптау актісін әзірлеу үшін прокуратураға қайтару туралы шешім қабылдаған.
“Әділетсіз ақтау үкімінің күшін жойғанына қуаныштымыз. Қазір іс Алматы прокуратурасына қайтарылды. Біз ең қатаң жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етуді жалғастырамыз", – деді жасөспірімнің туысы.
Бұған дейін айыпталушының отбасы бірнеше рет жіберленушілердің пәтеріне басып кіріп, арызды қайтарып алуды талап еткенін айтқан. Сондай-ақ іске миллиондаған оқырманы бар блогерлер тартылғаны хабарланған. Олар жасөспірімнің бетін жариялап, оны өтірік айтты деп айыптаған. Осындай қысымнан кейін 2025 жылдың шілдесінде жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған. Оны түнде әкесінің қабірінің жанынан тауып алған. Қазір бала әпкесі мен оның отбасымен бірге тұрады. Туысының сөзінше, оның жағдайы тұрақталған, жақындарының бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Отырар ауданында екінші сынып оқушысына зорлық көрсетті деген күдікпен нағашы атасына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік. Баланың анасы полицияға арыз түсіріп, жәбірленуші арнайы орталыққа орналастырылған еді. Қазір іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
Оралда 97 жастағы тыл ардагері өзіне тиесілі жәрдемақысын ала алмай қалды
Оқыңыз