Түркістан облысында немересін зорлады деген күдікпен ер адам ұсталды

Түркістан облысы Отырар ауданында немересін зорлады деген күдікпен нағашы атасы тергеуге алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қария екінші сыныптың ұлына зорлық көрсетті деген күдікке ілінді. Баланың анасы “ұлымды туған әкем зорлады” деп полицияға арыз түсірген.
Өзіне тағылған айыптың рас-өтірігі арнайы сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғап, мән-жайды анықтауға кірісті. Балалар омбудсмені Динара Зәкиева сегіз жастағы ұл арнайы орталыққа жатқызылғанын жеткізді. Қазір жәбірленушіге психологтар көмек көрсетіп жатыр.
“Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленуші уақытша “Балаларға арналған орталыққа” жатқызылды. Қазір полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр”, – деді ол.
Динара Закиева бұл жағдай өзінің жеке бақылауында екенін айтты.
Түркістан облысы полиция департаменті Отырар ауданы тұрғынының арызы қабылданып, соған сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты.
“Алғашқы тергеу іс-шараларының нәтижелерімен заңсыз әрекеттер анықталмады, дене жарақаттары жоқ. Сонымен қатар барлық мән-жайларды анықтау үшін қажетті іс-шаралар қабылданып жатыр. Қосымша сараптамалар тағайындалды.Тергеу нәтижесімен заңнамада белгіленген тәртіппен процестік шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді ведомство.
Сондай-ақ департамент азаматтарды жалған ақпарат таратудан таратпауңа және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.
Оқыңыз