"Автоматта" емтихан тапсырғандар енді "механикамен" де жүре алады: Ішкі істер министрлігі ережелерді өзгертпек

Қазақстанда автокөліктерді тіркеу, жүргізушілерді даярлау және жүргізуші куәлігін беру ережелері өзгертілді. Ішкі істер министрлігінің 2026 жылғы 12 мамырдағы бұйрығы Әділет министрлігінде №38703 болып тіркелген. Құжат Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен келісілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа нормалардың көбі ресми түрде жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді. Ал қалғандары 2026 жылдың 12 шілдесінен бастап қолданылады. Бұл реформа автокөлік иелеріне қатысты негізгі рәсімдердің барлығын, яғни, көлік сатып алу-сатудан бастап жүргізуші куәлігі емтиханына дейін қамтиды.
Жүргізушілер үшін ең маңызды өзгерістердің бірі – куәліктен беріліс қорабының түрі туралы белгінің алынып тасталады. Бұрын автоматты беріліс қорабы бар көлікте емтихан тапсырғандар механикалық көлік жүргізе алмайтын. Енді бұл шектеу жойылады.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігі цифрлық форматта eGov mobile қосымшасындағы цифрлық құжаттар сервисі арқылы қолжетімді болады. Ал алынбай қалған пластикалық куәліктер "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының бөлімшелерінде тек 30 күн сақталып, кейін жойылады.
Ішкі істер министрлігі бұл реформалар көлік тіркеу және жүргізушілерді даярлау саласын толықтай бірыңғай цифрлық жүйеге көшіруге, әрі процестерді айтарлықтай оңтайландыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Көлікке меншік құқығын банк қосымшалары арқылы да рәсімдеуге болады
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – автокөлікті толық қашықтан сатып алу-сату мүмкіндігі. Енді көлікке меншік құқығын нотариус арқылы ғана емес, сатушы мен сатып алушының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы, цифрлық үкімет порталы немесе банк қосымшалары арқылы да рәсімдеуге болады.
- Жүйе бір электрондық өтініш қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, сатушы көлікті есептен шығару туралы өтініш береді, содан кейін мемлекеттік жүйе автоматты түрде көліктің іздеуде бар-жоғын, шектеулер мен тыйымдардың бар-жоғын тексереді.
- Одан кейін өтініш сатып алушыға жіберіліп, ол көлікті өз атына тіркеуді растайды. Айыппұлдар, мемлекеттік баждар және басқа да деректер тексерілгеннен кейін жүйе көлікті тіркеу туралы куәлікті рәсімдеуге құжаттарды автоматты түрде жолдайды.
Мәміле жасасқан екі тарап та:
- Сатушы — көліктің есептен шығарылғаны туралы;
- Сатып алушы — құжаттар мен нөмірді алуға дайын екені жөнінде хабарлама алады.
Жеке басын растау үшін енді тек жеке куәлік емес, мемлекеттік цифрлық жүйелер арқылы биометриялық сәйкестендіру де қолданылады. Бұл талап тіркеу мен қызмет алудың барлық негізгі кезеңдерінде міндетті болады.
Көліктерді тексеру толықтай цифрлық форматқа көшіріледі
Ішкі істер органдарының қызметкерлері көліктің және оның сәйкестендіру нөмірлерінің фототіркеуін жүргізеді, ал нәтижелері электрондық акт түрінде рәсімделеді. Мұндай акт 14 күнтізбелік күн бойы жарамды болады. Көлікті тіркеуге мына жағдайларда тыйым салынады:
- Егер көлік нөмірі жойылған немесе қолдан жасалған болса;
- Көлік іздеуде болса;
- Көлік сәйкестендірілмесе.
Мұндай жағдайда ақпарат автоматты түрде полицияға жіберіледі.
Тағы бір өзгеріс – алғашқы тіркеу кезінде көлікке міндетті электрондық паспорт енгізіледі. Бұдан бөлек, қазақстандықтар өз атына тіркелген көліктер туралы тегін цифрлық анықтама ала алады. Бұл құжат цифрлық үкімет порталы немесе банк қосымшалары арқылы 20 минут ішінде беріледі. Анықтамада VIN-код, модель, кузов нөмірі, түсі, шығарылған жылы және басқа да мәліметтер көрсетіледі.
Ішкі істер министрлігі "әдемі" мемлекеттік нөмірлер нарығын да жеке жүйеге келтірді. Жоғары сұранысқа ие тіркеу белгілерінің тізіміне "айна" және дөңгелек комбинациялар, яғни, 010-нан 999-ға дейінгі нұсқалар, сондай-ақ кез келген ерекше әріптік және сандық үйлесімдер енгізілді. Осылайша, "әдемі нөмірлер" мемлекет тарапынан ресми түрде ақылы жеке қызмет ретінде бекітілді.
Автомектептен жүргізуші куәлігін қалай алады?
Өзгерістер автокөлік мектептерін де айналып өтпеді. Жүргізушілерді даярлау толықтай "Автомектеп" цифрлық жүйесіне көшіріледі. Бұл жүйе оқу топтарын автоматты түрде бақылап, ережелер бұзылса, оларды бұғаттап отырады.
Жүйе бір топта 30 адамнан артық болуына, оқушыларды бұрыннан бар топтарға қосуға және толық курстан өтпегендерге куәлік берілмейді. Автомектепті аяқтау туралы куәліктер енді тек электронды түрде беріледі және 2 жылға жарамды. Емтиханға цифрлық үкімет порталы, банк қосымшалары немесе қызмет операторы арқылы жазылуға болады. Қашықтан өтініш берген жағдайда үміткер биометриялық тексеруден өтуге міндетті.
Егер жеке басын растай алмаса азаматқа 6 ай бойы емтихан тапсыруға тыйым салынады. Министрлік мұны емтиханды басқа адамның орнына тапсыруға тырысу деп санайды.
Теориялық емтихан кемінде 32 дұрыс жауап берген болса сәтті тапсырылды деп есептеледі. Жауап берілмеген сұрақтар автоматты түрде қате деп саналады.
Бұған дейін Қазақстанда көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін басқаға беруге рұқсат берілгені туралы жазған едік.
Оқыңыз