Оралда 97 жастағы тыл ардагері өзіне тиесілі жәрдемақысын ала алмай қалды

Батыс Қазақстан облысында 97 жастағы тыл ардагеріне өзіне тиісті жәрдемақысы берілмеген. Немересінің айтуынша, әжені тіркеуден шығарып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
97 жаста Сәндеш Жакашева Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының құрметті азаматы, тыл еңбек ері. Ол ұлағатты ұстаз атанған, жыл сайын Жеңіс күніне арналған құттықтау хат пен тиісті төлемді алып отырған. Алайда биыл тиісті қаржы берілмепті. Себебі түсініксіз себеппен ол тіркеуден шығарылған. Алайда немересі оның бірнеше жыл сол үйде тұратынын және ешқайда көшпегенін айтады.
“Үй I топтағы мүгедектігі бар көру қабілеті нашар ұлының атында. Оны ешкім тіркеуден шығарған жоқ, ешкім арыз жазбаған. Сөйтсе Халыққа қызмет көрсету орталығында жүйеде техникалық ақау болыпты. Осылайша 97 жастағы әжем дерекқордан алып тасталған. Отбасымызбен жүріп, тіркеуді қалпына келтіру үшін барлық процедурадан өтуге мәжбүр болдық”, – деді ол.
ОқыңызБірақ сонда да төлем берілмепті. Өйткені әкімдік тізімді жинақтап қойғанын, ал онда Сәндеш Жакашеваның кірмегенін айтқан.
“Алғашында тіркеуге тұрған соң, төлем жасалатынын айтты. Енді тіркеуді дұрыстағасын басқаша деп отыр. Өкініштісі – өмір бойы жұмыс істеген 97 жастағы тыл еңбеккері не себепті мемлекеттік жүйедегі техникалық қателіктің салдарынан қиналуы керек? Маған шу шығару қажет емес, әділдік орнаса екен деймін”, – деді Жакашеваның жақыны.
Stan.kz тілшісі осы жайттан соң әкімдікке сауал жолдады. Орал әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі Жеңіс күніне орай жекелеген санаттағы азаматтарға 50 000 теңге беріледі деп мәлімдеді.
“Қаржы мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері негізінде өтінішсіз тағайындалады. E-Sobes ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, ол 2024 жылғы 21 ақпанда тіркеуден шығарылып, 2026 жылғы 14 мамырда қайта тіркелген. Әлеуметтік көмек алушылардың тізімі алдын ала жиналатындықтан, оны жасау кезінде тіркеу болмаған, осыған байланысты төлем берілмей қалған”, – делінген хабарламада.
Сөзінше, қайта тіркелген күннен бастап ол әлеуметтік көмекті ала алады.
Оралда 97 жастағы тыл ардагері өзіне тиесілі жәрдемақысын ала алмай қалды