Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бюллетеньді фото-видеоға түсіруге тыйым салынады": Елде сайлау жүйесін жетілдіру бойынша түзетулер қабылданды

сайлау
Фото: Stan.kz

Парламент депутаттары сайлау жүйесін жетілдіруге бағытталған конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Жаңа түзетулер сайлау комиссиясының жұмысын реттеуді, үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейтуді және бюллетеньдерді фото-видеоға түсіруге тыйым салуды көздейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Парламент “Қазақстан Республикасының заңнамасын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Конституциялық заңды қабылдады. Құжат өткен сайлау науқандары кезінде анықталған мәселелерді ескеріп әзірленген.

Түзетулерге сәйкес, әкімшілік-аумақтық бірліктер қайта құрылған жағдайда сайлау комиссияларының өкілеттіктерін сақтау және ауыстыру тәртібі нақтыланады. Сонымен қатар аумақтық комиссия мүшелері бала күтіміне байланысты немесе оқу демалысына шыққан кезде олардың өкілеттігін уақытша тоқтатып, орнына уақытша адам тағайындау тетігі енгізіледі.

Заңда әкім сайлауына қатысты да өзгерістер қарастырылған. Егер кандидаттар тең дауыс жинаса, қайта дауыс беру өткізу тәртібі белгіленеді. Сонымен қатар бір адамға бір уақытта мәслихат депутаттығына және әкімдікке кандидат болуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, бір кандидат бірнеше сайлау округінен әкімдікке қатар ұсыныла алмайды.

Сайлауалды үгіт жұмыстарына да өзгерістер енгізілді. Кандидаттар енді үгіт материалдарын өз интернет-ресурстарында және онлайн платформалардағы парақшаларында жариялай алады. Алайда кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорларынан тыс қаржы тартуға тыйым салынады.

Жаңа түзетулер Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының құзыретін де кеңейтеді. Егер дауыс беру, дауыстарды санау немесе қорытынды шығару барысында заң бұзушылық анықталса, жекелеген учаскелерде немесе әкімшілік-аумақтық бірліктерде сайлау жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Сонымен қатар үздіксіз өндірістік циклі бар кәсіпорындарда және вахталық әдіспен жұмыс істейтін орындарда сайлау учаскелерін ашуға мүмкіндік беріледі. Бұл азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр.

Тағы бір маңызды өзгеріс – дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, таратуға тыйым салу. Заң авторлары мұндай әрекетті сайлауалды үгіт-насихаттың бір түрі ретінде қарастырады.

Түзетулердің бір бөлігі Конституциядағы жаңа нормаларды іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, Құрылтай қызметіне, пропорционалды жүйеге көшуге байланысты сайлау заңнамасын жетілдіруге, Президент пен Құрылтай арасындағы жекелеген өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты мәселелер қамтылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жемқорлар енді сайлау комиссиясына мүше бола алмайтыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 11:24