Парламент Астана мәртебесі туралы заңды қабылдады

Парламент депутаттары екінші оқылымда бірқатар жаңа конституциялық заңдарды қабылдады. Олардың бірі елорданың мәртебесіне, екіншісі елдің әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, елорданың мәртебесі туралы конституциялық заңға енгізілген түзетулер Астананы басқару жүйесін жетілдіруге және қаланың одан әрі дамуына жағдай жасауға бағытталған.
“Бүгінде елорда мемлекеттік органдардың, бизнестің, экономиканың және ірі инфрақұрылымның орталығы. Сондықтан оны дамыту үшін басқару, аумақтық жоспарлау және қалалық ортаны дамыту мәселелерінде кешенді тәсіл қажет”, – деді депута.
15 мамырда заң жобасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданған. Екінші оқылымға дайындық барысында депутаттар мен салалық комитеттер ұсыныстарды талқылап, бірқатар түзетулер енгізді.
- Біріншіден, кейбір нормалар Қазақстанның жаңа Конституциясына сәйкестендірілді;
- Екіншіден, елорда маңындағы аймақтарда жерді пайдалану ережелері нақтыланды. Оларды пайдалану тәртібін Үкімет маслихаттар, қала мен облыс әкімдіктері және агломерацияның жергілікті кеңесінің ұсыныстары негізінде айқындайды;
- Үшіншіден, елордадағы жергілікті билік органдарының мәслихат пен әкімдіктің міндеттері мен өкілеттіктері нақтыланды.
Мәслихатқа елорданың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын, қала бюджетін және олардың орындалуы туралы есептерді бекіту құқығы берілді.
Сонымен қатар әкімдіктің жол қозғалысын ұйымдастыру және транзиттік көлік қозғалысының сызбасын айқындау өкілеттіктері нақтыланды. Қала құрылысы саясатын іске асыру және елорданың заманауи архитектуралық келбетін қалыптастыру үшін архитектуралық-қала құрылысы кеңесін құру ұсынылды.
Оның құрамына әкімдік өкілдері, сәулетшілер, тәуелсіз сарапшылар, қоғамдық ұйым өкілдері және мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін қорғайтын мамандар кіреді. Бұл қала ортасының қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар депутаттар заң жобасын жетілдіруге және жекелеген нормаларды нақтылауға арналған басқа да түзетулер енгізді.
Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы заң
Жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әкімшілік-аумақтық құрылым туралы конституциялық заң жобасы әзірленді. Ол 1 шілдеде күшіне енетін жаңа Конституцияны жүзеге асыруға бағытталған.
Құжат елдің әкімшілік-аумақтық құрылымының негізгі ережелерін айқындайды. Онда жүйенің ұғымдары, мақсаттары мен қағидаттары көрсетілген.
Сонымен қатар заң жобасы әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекарасын өзгерту, есепке алу және тіркеу, қалалар, аудандар және басқа да аумақтардың атауын беру мен өзгерту кезінде мемлекеттік органдардың өкілеттігін нақты бөледі.
Авторлардың пікірінше, бұл конституциялық заңды қабылдау елдің аумақтық құрылым жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Оған қоса мемлекеттік органдардың қызметіне нақты әрі айқын құқықтық негіз қалыптастырады.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласының мәртебесі туралы заң жобасын мәжіліс қарауға алғаны туралы жазған едік.
Оралда 97 жастағы тыл ардагері өзіне тиесілі жәрдемақысын ала алмай қалды
Оқыңыз