Астана қаласының мәртебесі туралы заң жобасын мәжіліс қарауға алды

Мәжіліс “Қазақстан Астанасының мәртебесі туралы” және “әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” конституциялық заң жобаларын қарауға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжаттар мәжіліс пен сенаттың бірлескен отырыстарында қаралады.
Депутат Нұртай Сабильяновтың айтуынша, “Қазақстан республикасы Астанасының мәртебесі туралы” конституциялық заң жобасы Конституцияның жаңартылған 2-бабының 4-тармағын іске асыру мақсатында әзірленген.
Заң жобасында астанадағы жергілікті мемлекеттік басқарудың ерекшеліктері, мәслихат пен әкімдіктің қала құрылысы, көші-қон және көлік салаларындағы өкілеттіктері айқындалады. Сонымен қатар Астананың аумағы мен қала маңы аймағын белгілеу, бірыңғай сәулеттік келбет пен дизайн-кодты бекіту ұсынылып отыр.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті бұл заң жобасын қарауға дайын екенін мәлімдеді. Ал алғашқы заң жобасы бойынша бірлескен комиссия құрамына мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов, Мархабат Жайымбетов, Болатбек Нажметдинұлы және Нұрсұлтан Байтілесов ұсынылды.
Айта кетейік, бұған дейін Астана мен Алатау қаласының мәртебесі арнайы конституциялық заңдармен бекітілетіні туралы жазған едік.
Оқыңыз