"Бүтін елдің атқарар ісін жалғыз жүріп еңсерген": Қарақат Әбілдина ауруханаға түскен Қыдырәліге әсерлі жазба арнады

Әнші Қарақат Әбілдина ауруханаға түскен жолдасы Қыдырәлі Болмановтың туған күніне орай әсерлі жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі жұбайына деген махаббатын жеткізіп, бірге өткен өмірін “жүрекпен жазылған, тағдырмен өрілген үлкен хикаяға” теңеді.
“Өмір – кино… Өмірдің өзі кино. Жүрегіммен сені шексіз сүйдім! Менің өмірімдегі ең әдемі кадрлардың бәрінде сіз барсыз. Өміріміздің сценарийін өзің жаздың. Режиссері де өзің болдың. Ал мен сол фильмнің ең бақытты кейіпкеріне айналдым”, – деп жазды әнші.
Қарақат Әбілдина жазбасында олардың өмірінде қуанышпен қатар, сағыныш, шаршау, алаңдаған сәттер де болғанын айтты. Алайда өнер иесінің сөзінше, барлық сынақтан бірлік пен адалдыққа негізделген махаббаттары алып шыққан.
ОқыңызСондай-ақ әнші Қыдырәлі Болмановтың қайсар мінезін, батылдығын, мейірімді жүрегін және еліне деген сүйіспеншілігін ерекше атап өтті.
“Қазағын сүйген, Жаратушысына басын иген, бүтін елдің атқарар ісін жалғыз жүріп еңсерген өзіңдей азаматтың жары болу – үлкен бақыт”, – деді ол.
Әнші Астанадағы концертке бір күн қалғанда болған жағдайдың өздеріне көп нәрсені ұқтырғанын да жазды. Оның айтуынша, кейде адам жоспар құрғанымен, тағдыр бәрін өз уақытында өзгертеді.
“Сол сәтте ең маңыздысы – атақ та, сахна да емес, деннің саулығы, бастың амандығы екенін түсінесің. Сахна күтер, ән де айтылар, концерт те болар”, – деп жазды Қарақат Әбілдина.
Еске салайық, бұған дейін Қыдырәлі Болман ауруханаға түсуіне байланысты жұлдызды жұптың Алматыдағы концерті кейінгі шегерілгені хабарланған еді.
Әнші денсаулығына байланысты дәрігерлердің кеңесіне құлақ асуға мәжбүр болғанын жеткізді. Сондай-ақ Қыдырәлі Болман сахнада отырып ән айту өзіне өте ыңғайсыз әрі қиын екенін айтты.