Қыз Жібек фильміндегі костюм "Қазақфильм" музейіне қайтарылады

Қазақ киносының символына айналған "Қыз Жібек" фильміндегі басты кейіпкердің костюмі қайтадан "Қазақфильм" музейіне тапсырылады. Мәдениет министрлігі камзолдың жеке коллекцияға қалай өтіп кеткенін тексеріп, енді барлық кино реквизитін цифрландыруға кіріскенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аңызға айналған фильм костюмінің тағдыры туралы парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында вице-министр Евгений Кочетов айтып берді.
"Қыз Жібек" фильміндегі қамзол қазақстандық кинематография үшін, жалпы қазақ киносының тарихы үшін киелі дүние. Қазір біз осы мәселеге байланысты тексеру жүргізіп жатырмыз. Әріптестерім құрметті Меруерт Өтекешевамен сөйлесті. Біз келісімге келдік, әрі бұл оның өз қалауы болды. Костюмнің толық жиынтығы жиналғаннан кейін (бұл тек қамзол ғана емес), ол "Қазақфильм" музейіне тапсырылады", – деді вице-министр.
Евгений Кочетовтің айтуынша, осы оқиғаға дейін костюмнің толық жиынтығы "Қазақфильм" музейінде басқа да реквизиттермен бірге тиісті талаптарға сай сақталған.
"Мәдениет министрлігі бұл мәселеге немқұрайлы қарады деп айта алмас едім. Министрлік осы жылдар бойы қазақстандық киноға қатысты көптеген реквизиттерді сақтаумен айналысып келеді. Осындай жағдайлар қайталанбауы үшін қазір біз "Қазақфильм" музейіндегі барлық дүниені костюмдер мен қазақстандық кинода пайдаланылған барлық реквизитті цифрландырып жатырмыз. Олар көрмеге қойылады, кез келген адам көріп, бақылап отыра алады", – деп қосты ол.
Кочетовтың айтуынша, ведомство киностудия музейіндегі өзге де экспонаттарды, сондай-ақ танымал қазақстандық фильмдер мен қойылымдарда пайдаланылған реквизиттерді цифрландыруды жоспарлап отыр.
Вице-министр қамзолды қазақ киносы үшін "киелі дүние" деп атап, костюмнің толық жиынтығы жиналған соң оның "Қазақфильм" музейіне тапсырылатынын айтты. Бұл мәселе актриса Меруерт Өтекешевамен келісілген.
Еске салайық, бұған дейін продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әлеуметтік желіде өз гардеробына “Қыз Жібек” фильміндегі Жібектің қамзолы қосылғанын айтып видео жариялағаны туралы жазған едік. Алайда бұл жаңалық көпшіліктің ашуын туғызды. Қазақстандықтар мұраның музейде сақталуға тиіс екенін жарыса жазды.
Кейінірек продюсердің өзі де жауап берді. Оның айтуынша, киім ешбір ресми құжатта тіркелмеген, ал оны 30 жыл бұрын қоқысқа тасталудан қарапайым әйел сақтап қалған. Алагөзова қамзолды ұлттық мұра ретінде насихаттап, кейін музейге тапсыруы мүмкін екенін айтқан.
Оқыңыз