Ер адам несеп жолына сым салып, онымен он жыл жүрген

Ұлыбританияда 60 жастағы ер адам жыныс мүшесінің ауыруы мен ісінуіне шағымданып, дәрігерге жүгінген. Тексеру кезінде оның несеп жолында телефон сымы бары анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BMJ Case Reports журналына сілтеме жасап хабарлайды.
Науқас урология бөліміне ауырсыну, ісіну, қызару және зәр шығарудың қиындауына байланысты түскен. Алғашында ол дәрігерлерге нақты жауап бермей, жағдайды әртүрлі түсіндірген. Кейін ер адам сымды несеп жолына он жыл бұрын енгізгенін және содан бері медициналық көмекке жүгінбегенін мойындаған. Ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі байқалмағанымен, дәрігерге келген кезде оның жағдайы асқынып, сепсис дамыған.
Компьютерлік томография несеп жолында кальций тұздары жиналған тығыз түтік тәрізді бөгде зат барын көрсетті. Дәрігерлер оны эндоскопиялық жолмен алып тастай алмаған, себебі бөгде зат тым үлкен болған әрі тін қатты ісінген. Сондықтан алдымен зәрді шығару үшін қуыққа арнайы катетер қойылып, антибиотиктер тағайындалды.
Сегіз аптадан кейін ісік пен инфекция біршама басылған соң, хирургтер ота жасап, көлемі 9×5 сантиметрлік тасты алып шықты. Оның ішінде телефон сымының бөлігі болған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар медицинада кездеседі. Алайда көп жағдайда науқастар бірнеше сағат немесе бірнеше күн ішінде дәрігерге қаралады. Ал бөгде затпен жылдар бойы жүру өте сирек кездеседі және несеп жолдарының инфекциясы мен басқа да ауыр асқынуларға әкеп соғуы мүмкін.
Уролог Бобак Берухим бұл оқиғаны ерекше жағдай деп атады. Оның сөзінше, мұндай кезде дәрігер мен науқастың ашық әңгімелесуі өте маңызды, себебі адам ұялу сезімін жеңіп, уақытында көмек сұрауы керек.
Қазір ер адамның жағдайы жақсы.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр
Оқыңыз