Мұғалімдерге гүл сыйлаудан проблема жасау дұрыс емес – Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда мұғалімдерге мәжбүрлі түрде сыйлық жинау заңға қайшы екенін айтты. Алайда оның сөзінше, ұстаздарға гүл сыйлап, алғыс білдіруді қоғамдағы үлкен мәселеге айналдыру орынсыз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Асхат Аймағамбетов мектеп мұғалімдеріне көлік немесе пәтер сыйлау жаппай құбылыс емес екенін айтып, бұл мәселені әсірелемеуге шақырды.
"Мұғалімдерге жаппай көлік не пәтер сыйлап жатыр дегенді көріп отырған жоқпын. Сондықтан мұны үлкен проблема ретінде көрсетудің қаншалықты дұрыс екенін айту қиын", – деді депутат парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда.
Оның айтуынша, заң бойынша мұғалімдерге сыйлық алу үшін ата-аналардан ақша жинауға болмайды. Бұл талап арнайы министрлік бұйрығында да көрсетілген.
"Ешкім ата-аналарды мұғалімге сыйлық беруге міндеттей алмайды. Бірақ кейбір ата-аналар символикалық түрде гүл сыйлап, ашықхат беріп, алғыс айтып жатады. Мұны да “сыйлық” деп қабылдауға болады. Егер “гүл сыйламаңдар, рақмет айтпаңдар” десек, онда қоғам қайда барады?" – деді Аймағамбетов.
ОқыңызДепутат ұстаз еңбегін құрметтеу, алғыс айту мен 1 қыркүйекте гүл сыйлаудан ешқандай сөкеттік көрмейтінін жеткізді. Сонымен қатар ол ата-аналар чаттарында ақша жинау бастамасы көбіне ата-аналардың өздерінен шығатынын атап өтті.
"Бір ата-ана чатқа жазып, белгілі бір күнге ақша жинауды ұсынады. Содан кейін басқа ата-аналар ыңғайсыздық сезінеді. Баласына деген қарым-қатынас өзгеріп кете ме деп алаңдайды. Мұндай жағдайлар бар. Бірақ оны мұғалім талап етіп отырған жоқ, мектеп ұйымдастырмайды. Бұл – ата-аналардың өз шешімі", – деді мәжілісмен.
Аймағамбетовтің пікірінше, алғыс білдіру мен құрмет көрсетудің жөні бөлек, ал мәжбүрлі ақша жинау мүлде басқа мәселе және ондай жағдайда шектеу болуға тиіс.
Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрлігі Қазақстан мектептерінде бітіру кештерін мейрамхана, кафе, коттедж және басқа да ойын-сауық орындарында өткізуге кеңес бермейтінін мәлімдеген еді. Ведомство мұны кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігімен және ата-аналарға түсетін артық қаржылық салмақпен байланыстырды. Сондай-ақ мектептерде ақша жинауға, қымбат сыйлықтар ұйымдастыруға және салтанатты кештер өткізуге тыйым салынатыны айтылған.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр