Телефон мен номерді біреуге қолдануға берсеңіз, оны қайта тіркеу керек: Қазақстанда жаңа ереже күшіне енді

Қазақстанда телефон номер мен құрылғыны басқа адамға қолдануға берген жағдайда оларды қайта тіркеу міндеттелетін болды. Цифрлық даму министрлігі бұл заңның күшіне енгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа талаптар телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша қабылданған заңда қарастырылған.
Негізгі өзгерістердің бірі – телефон арқылы жасалатын алаяқтықпен күрес шаралары. Енді заңды тұлғалардың қоңырауларына арнайы белгі қойылады. Бұл абоненттерге ресми қоңырауларды күмәнді қоңыраулардан ажыратуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар азаматтар телефон нөмірін немесе байланыс құрылғысын басқа адамға ұзақ уақыт пайдалануға берген жағдайда, оны қайта тіркеуге міндетті болады.
Құжат телекоммуникация саласына да бірқатар өзгеріс енгізеді. Атап айтқанда, интернетке қол жеткізу, IP-телефония және транкингтік байланыс қызметтерін лицензиялау талаптары жаңартылады.
Өзгерістердің жеке бір бөлігі деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға бағытталған. Заңға сәйкес, мұндай нысандар стратегиялық нысандар қатарына жатқызылады.
Бұдан бөлек, цифрлық майнингпен айналысатындар мен деректерді өңдеу орталықтарын электр энергиясын ұзақ мерзімді тұтынушылар ретінде тартып, энергетикалық қуаттарды жаңғырту мен кеңейтуге жеке инвестиция тартуға бағытталған "70/30" механизмі енгізіледі.
Оқыңыз