Мектепте кемсітуге ұшыраған: 19 оқушы мен екі мұғалімді атқан жасөспірім жайлы жаңа мәліметтер анықталды
Американың Техас штатындағы мектепте 18 жастағы жасөспірім 19 бала мен 2 мұғалімді өлтіргеннен кейін ел күйзеліске түсті. Бұқаралық ақпарат құралдары жас жігіт туралы егжей-тегжейлі ақпарат іздеп жатыр. Белгілі болғандай, жігіт Call of Duty компьютерлік ойынын ұнатқан, жұмыстағы әріптестеріне әдепсіз хабарламалар жіберетін, мектепте бірнеше рет төбелескен, өзі жақында көшіп барған әжесін атып тастаған, сондай-ақ сөйлеу қабілеті нашар болғаны үшін мектепте буллинге ұшыраған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Өмірге өкпелі жоғары сынып оқушысы сыныптастарын өлтіруі сияқты жағдайлар Америкада таныс жағдай", – деп жазады Daily Mail.
Сейсенбі күні 18 жастағы Сальвадор Рамос Техас штатындағы Увалда қаласында орналасқан Робб бастауыш мектебінде 19 бейкүнә бала мен екі мұғалімді өлтіріп, шекара күзетшісімен атыс кезінде қаза тапты.
Бұл АҚШ тарихындағы 2012 жылы 26 адамның өмірін қиған атышулы Сэнди Хук қанды қырғынынан кейінгі екінші ірі атыс. Жұртты жантүршігерлік қылмыс жасаған кім екені алаңдатты.
Рамосты жақсы білетін адамдар оның толық емес отбасыда туып-өскенін, есірткі пайдаланатын анасы барын айтқан.
Көршілері мен сыныптастары Сальвадордың жасөспірім кезінде мінез-құлқы біртүрлі және өскен сайын қорқынышты бола түскенін айтады. Жергілікті тұрғындардың бірінің айтуынша, ол қара түсті киім, әскери етік киіп, пневматикалық мылтығын кездейсоқ адамдарға бағыттап жүретін болған.
Ол жұмысшылар тұратын ауданда өскен, онда адамдардың үштен бірінен көбі федералды кедейлік шегінен төмен тұрады. Увалде қаласының өзінде шамамен 15 мың тұрғын бар және АҚШ-Мексика шекарасынан бір сағаттық жерде орналасқан.
Рамостың 41 жастағы көршісі Рубен Флорестің айтуынша, ол анасы екеуі жиі айғайлап жанжалдасып, үйге бірнеше рет полиция шақырылған.
"Ол анасын көкпет деп атап, оны қуып жібергісі келетінін айтты. Айқайлап, анасымен өте агрессивті сөйлесті" деді сыныптасы Надя Рейес.
Рамостың әжесі қанды қырғындардан бірнеше күн бұрын есірткі пайдаланғаны үшін Сальвадордың анасын үйден қумақ болған. Рамос бірнеше ай бұрын қаланың ар жағындағы әжесінің үйіне көшкен екен.
Ол Рамостың алғашқы құрбаны болды, бірақ 66 жастағы әйел жарақаттарынан аман қалды.
Оны танитындардың пікіріне сәйкес, Рамос сегізінші сыныпқа дейін қарапайым бала болып өскен, сол кездегі жақсы досы Стивен Гарсиа оны "ең сүйкімді" және "ең ұялшақ бала" деп атады. Бірақ кекештігі мен ақырын сөйлегені үшін сыныптастарынан қорлық көрген.
Анонимді түрде пікір берген сыныптасының айтуынша, басқа балалар оның киімін және отбасының қаржылық жағдайын мазақ еткендіктен, Рамос сабаққа аз баруды шығарған.
Шашына, киім үлгісіне қарап оны сыныптастары жиі мазақтаған көрінеді. Ол тіпті бірнеше рет құрдастарымен жұдырықтасқан, кейін мүлде сабаққа келмей қойған.
Соңғы жылдары Рамос фастфуд мейрамханасында жұмыс істеп, мектепке бармайтын болған.
Аты-жөнін атамауды өтінген бұрынғы сыныптасы CNN-ге Рамос екеуі біраз уақыт бойы жақын болғанын және ол Xbox ойнын ойнағанын айтты. Адамдарды өлтіретін Call of Duty ату ойынын сүйіп ойнаған.
Әлеуметтік желідегі аккаунтында Сальвадор Рамос атысқа үш күн қалғанда екі AR15 үлгісіндегі мылтықтардың суретін бөліскен.
Сальвадордың мейрамхана желісіндегі әріптестері оның агрессивті болғанын, әйел қызметкерлерге орынсыз хабарламалар жібергенін айтты. Олар оны "тыныш" және "адамдармен қарым-қатынасқа бейім емес" деп те атады.
Бір әріптесі: "Кейде ол қыздарға өте дөрекі болатын. Сондай-ақ оларға жөнсіз хабарламалар жіберетін” дейді.
"Ол мектепке кірген бойда балаларға, мұғалімдерге, жолында кездескендердің барлығына оқ жаудырды", – деді Техас қоғамдық қауіпсіздік департаментінің өкілі лейтенант Крис Оливарес.
Рамос Солтүстік Дакотаның тумасы және жақында Техасқа көшіп келген. Атқыш бірнеше күн бұрын 18 жасқа толуына орай екі мылтық сатып алған, деп хабарлайды Daily Beast.
Қыркүйек айында қабылданған Техастың жаңа заңына сәйкес, 18 бен 21 жас аралығындағы адамдар үйдегі зорлық-зомбылық, аңду, жезөкшелік немесе сексуалдық саудаға ұшырау қаупі бар болса, қару сатып ала алады. Бұл заң бойынша қаруды алып жүруге рұқсат та керек емес. Техас штатында қаруды лицензиясыз ұстау рұқсат етілген.