Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сөмке 25 мың еуро тұрады": Танымал брендтердің көшірмесін сатып алған алматылық блогерлер алаяқтың арбауына түскенін айтып, дабыл қақты

Алматылық бірнеше блогер өздеріне брендтік сөмкелердің көшірмесін сатқан құрбысын сотқа берді. Олардың айтуынша, күдікті түпнұсқа сөмкелердің орнына құны 500 доллар тұратын көшірмесін сатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

©instagram.com/sadudilya

Блогерлер өзін Hermes, Celine, Mercury сынды брендтік компаниялардың қызметкері ретінде таныстырған Әсемгүл Хасанғалиева есімді келіншектің сенімге кіріп, өздерін алдап соққанын айтады. 

“Сенген адамымның осылай алдап кеткенін білгенде қатты қапа болдым. Туған күнімде күйеуім Әсемгүлден құны 25 мың еуро тұратын сөмкені сатып алып, маған сыйлады. Әсемгүл күйеуіме көшірме сөмкені жеңілдікпен 19 500 еуроға сатты. Құрбыларыма сатқан сағатты шеберге апарып тексерткенде оның көшірме екені анықталды. Сағаттың шын бағасы 300-500 доллар екенін білдік”, – дейді блогер Әнел Дәулетқожаева.

Күдікті оларды алдап қана қоймай, блогерді басқа құрбыларымен араздастыруға тырысады. 

“Ол мені достарыма қарсы қойды. Мен оның сөздеріне сеніп, құрбыларыммен араласудан қалдым. Кейін достарым үйіме келіп, алаяқтықты әшкерелеп, менің көзімді ашты. Ол уақытта мен тағы бір сөмкеге тапсырыс беріп, оған 16 мың доллар жіберіп қойған едім”, – дейді блогер. 

Алаяқтың арбауына түскен жәбірленушілердің қатары өсті. Әлия Бермұхамбетова, Әнел Дәулетқожаева, Мадина Құрбанәлиева, Диля Саду есімді блогерлер әлеуметтік желіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты, ҚР Бас прокуратурасы мен ІІМ, Алматы қаласының прокуратурасы мен полиция департаменті, қаржы мониторинг агенттігі және Антикорды белгілеп, жанайқайына құлақ асуын сұраған. 

Жәбірленушілердің айтуынша, Алматы полиция департаменті бастаған аса ірі көлемдегі алаяқтық туралы қылмыстық іс 8 айдан бері тергеліп келеді.

“Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде Хасанғалиева Әсемгүлге қатысты қылмыстық іс тергелуде. Ол өзін Hermes, Celine, Mercury қызметкері ретінде таныстырып,  Birkin, Kelli сөмкелері мен швейцариялық Audemars Piguet сағаттарының көшірмесін сатты. 7 жәбірленуші 96 миллион теңгеден астам ақшасынан қайтара алмай әлек. Іс материалдарында Хасанғалиеваның кінәсі дәлелдейтін барлық айғақтар бар. Сөмкелер мен сағаттардың көшірме екенін дәлелдейтін сот-тауар сараптамаларының қорытындылары және өзін танымал брендтік компаниялардың қызметкері ретінде таныстырған аудио хабарламалар бар. Сондай-ақ, Хасанғалиеваның жәбірленушілерге ақшаны қайтару міндеттемелері туралы қолхаты мен оның брендтік сөкемлерді сатып алуды ұсынғанын көрген 10 куәгердің түсініктемесі де блогерлердің қолында. Бұл қылмыстық іс 8 айдан бері тергеліп келеді. Дегенмен айғақтар әлі күнге дейін сотқа жіберілмеген”, –делінген жазбада.

21 шілдеде блогер адвокатпен Алматы қаласының прокуроры Берік Қуанышбекұлы Жүйріктаевтың жеке қабылдауында болған. 

“Прокурордың әділдігінің арқасында ғана Хасанғалиева күдікті деп танылды. Бірақ содан кейін біз күдіктімен ортақ таныстарымыздан оның Бас прокуратурадағы істі тоқтатып, жауапкершіліктен босаудың амалын жасап жатқанын білдік”, – деп жазды блогер.

Жәбірленушілер айыпталушыға болысып жүрген шенеунік бар деп күдіктенеді. Алайда олар шенеуніктің атын атаудан бас тартты.

 

Талқылау