Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда бұрынғы сүйіктісін кеңсе пышағымен бауыздамақ болған ер адамға сот үкімі шықты

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 28 жастағы әйелге пышақпен шабуыл жасаған ер адамға қатысты істі қарады. Күдіктінің кінәсі толық дәлелденіп, сот айыпталушыға үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан кадр

Сот анықтағандай, 2023 жылы 27 қазан күні сағат 16:40 шамасында күдікті бұрынғы сүйіктісінің жұмыс орнына келген. Онда олардың арасында жанжал туындап, сотталушы елеусіз сылтауды пайдаланып, әйелді өлтірмек болған. Ол сол қолының алақанымен әйелдің бетінен ұрған. Соққы салдарынан келіншек еденге құлады. Ер адам соны пайдаланып әйелдің үстіне отырып, қолындағы пышақпен оның мойнын бірнеше рет кескен.
Осы кезде дүкенге бір әйел кіріп келіп, оған кедергі келтірмек болып, жәбірленушіге араша түскен.

“Бұзақылық жасап қана қоймай, қару ретінде кеңсе пышағын ұстап алған сотталушы өзіне кедергі келтірмек болған әйелдің мойын тұсына соққы жасайды. Ол жеңіл дене жарақатын алған. Айыпталушы басқа кеңсе пышағын алып, еденде жатқан әйелдің мойнын бірнеше жерден кесіп тастаған. Ол өзінің арам ойын іске асыра алмай, оқиға болған жерден қашып кетті. Өйткені жәбірленушіге араша түскен әйел полицияны да, адамдарды да көмекке шақырып үлгерген”, – деп мәлімдеді Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. 

Сот айыпталушының әрекетін ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызды. 

“Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа материалдарымен толық дәлелденді. Сот айыпталушының  өз әрекетіне шын жүректен өкінетінін ескере отырып, оны кінәлі деп таныды. Күдіктіге 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің 5 миллион теңгеден астам сомаға моральдық шығын мен материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды”, – делінген хабарламада.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

27 қазанда Талдықорғандағы сұлулық салондарының бірінде ер адам өзінің бұрынғы сүйіктісіне шабуыл жасап, оны пышақпен бауыздамақ болған. Бұл бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрларда ер адамның қызды соққымен жерге құлатып, сосын оны қағып, тұншықтырып жатқанын көруге болады. Ол үстелден кеңсе пышағын алып, қыздың мойнын тіле бастаған.

Кейін жігіттің бір-екі күннен кейін үйқамаққа шығарылып, іс "Бұзақылық" бабы бойынша ғана қозғалғаны белгілі болды. Қоғамдық наразылықтан кейін ғана ол қамауға алынып, іс "Кісі өлтіруге оқталу" деп өзгертілді. Кейін бұл іс бойынша полицейлер жазаланды.

Бұған дейін жігіт бойжеткенді жүйелі түрде ұрып-соққан, бірақ қыз оны кешіре берген. Қазан айында Талдықорған қалалық соты ер адамға қызға жақындауға тыйым салғанымен, ол бұрынғы сүйіктісін аңдуын қоймапты. 

Талқылау