Талдықорғанда экс-полицейдің сот хатшысына 40 миллион теңге пара берген әйеліне қатысты іс қозғалды ма – Антикор жауап беруден бас тартты
Талдықорғанда полиция департаментінің бұрынғы басшысы Марат Күштібаев “Зорлау” ісі фактісі бойынша 11 жылға сотталды. Кейін осы істі қысқарту үшін Талдықорған сотының хатшысы 40 миллион теңге пара алды деген күдікпен қамауға алынғаны белгілі болды. Бірақ пара берді деген әйеліне қатысты іс қозғалған-қозғалмағанын Антикор жасырып қалды.
Талдықорғанда полиция департаментінің бұрынғы басшысы Марат Күштібаев 27 жастағы қызды зорлады. Кейін Күштібаевтың әйелі жәбірленушіге хатшы арқылы 40 миллион теңге аударған дейді. Тергеу мәліметіне сәйкес, хатшы соның 20 миллион теңгесін өзіне алып қалған, ал қалған 20 миллионы жәбірленуші мен оның сыбайласына соттағы жауабын өзгертеді деген желеумен берілген екен. Алайда ол өз арыз-шағымынан бас тартпаған, ақшаны да қайтармаған.
“Қазір Талдықорған қалалық сот отырысының хатшысы мен екі азаматқа қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеу аяқталды”, – деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі.
Осы тұста Stan.kz тілшісі пара берген адамға қатысты қандай да бір іс қозғалған-қозғалмағанын анықтау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сауал жолдады. Алайда сауалға нақты жауап берілмеді.
“Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды”, – деп мәлімдеді Антикор.
Тілшіміз бұған дейін аталмыш брифингте осы сұрақты қойған еді, ол кезде өкіл ресми сауал жолдауды сұраған. Бірақ одан да жауап ала алмадық.
Айта кетсек, Қылмыстық кодекстің 367-бабы “Пара беру” бойынша уәкілеттік берілген немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға не лауазымды адамның жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беруге болмайды. Сол үшін мүлкі тәркіленіп, параның 20-30 еселенген мөлшерінде айыппұл салынады не бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Еске салайық, Талдықорған қалалық полициясының экс-басшысы Марат Күштібаев қыз зорлады деп айыпталып, 11 жылға сотталған еді. Кейін сот хатшысы айыпталушының әйелінен 20 миллион теңге алды деп айыпталды.