Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыйақы үшін құқықбұзушылықты фотоға түсіріп, полицияға жолдайтын қазақстандықтар көбейді

видеоға түсіру
Фото: Видеодан скриншот

Елімізде сыйақы беру жүйесі басталғалы құқықбұзушылықты фотоға түсіріп, полицияға жолдайтындар көбейген. Ішкі Істер министрлігінің мәліметінше, заңға қайшы әрекеттерді жылдам байқап, дереу хабар беретіндер Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысының тұрғындары екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ең басты талап – азамат құқықбұзушылық туралы мемлекеттік органға бірінші болып хабарлауы қажет. Сондай-ақ оқиға видеода анық көрініп, оның орны мен нақты уақыты белгіленуі тиіс.

Тұрғындар жаңа жүйеге қатысты жұрт түрлі пікір білдірді. Бірі мұны құқықбұзушылықтың алдын алуға көмектесетін тиімді тәсіл десе, енді бірі адамдар сыйақы алу үшін құйтырқы әрекеттерге баруы мүмкін дейді.

Ақшаны алу үшін алдымен құқықбұзушылық дәлелденіп, қаулы заңды күшіне енуі керек. Кінәлі айыппұлын өтеуі тиіс. Содан кейін ғана комиссия материалды қарап сыйақы беру-бермеуді шешеді екен.

Бұл үшін берілетін ең жоғары сома – Астанада. Онда 86,5 мың теңге төленеді.

Қазір мұндай тәртіп еліміздің 13 өңірінде бар. Берілетін ақшаның есебін жергілік әкімдіктер өздері шешеді. Егер заңға қайшы әрекетті камера немесе полицей сізден бұрын тіркеп қойса, қаражат берілмейді.

“Бұл ретте анонимді хабарламалар үшін сыйақы берілмейді. Ал көрінеу жалған ақпарат берген азаматқа әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 438-бабы “Арнаулы қызметтерді көрінеу жалған шақыру” бойынша 60 АЕК (259 500 теңге) айыппұл қарастырылған. Қазір "102" мобильді қосымшасы мен "Заң және тәртіп" сервисі арқылы 601,5 мың өтініш түсті. Ең көп хабарлама Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысында тіркелді”, – деп мәлімдеді ІІМ баспасөз қызметі.

Сыйақы алудың тағы бір шарты азаматтар құқықбұзушылық туралы ресми түрде өтініш беріп, өзінің кім екенін көрсетуі тиіс. Комиссия шешімінен кейін 30 күннен кешіктірілмей төлем жасалады. Тіпті елеулі үлес қосқан азаматтар мемлекеттік награда алуы мүмкін дейді жауаптылар. Ал әзірге елімізде нақты қанша адам сыйақы алғаны белгісіз екен.

Еске салсақ, заң бұзғандарды видеоға түсірген қазақстандықтарға сыйақы төленетіні айтылды.

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 08:09