Қазақстандықтар енді кейбір несиелерден 14 күннің ішінде айыппұлсыз бас тарта алады
12 қазаннан бастап қазақстандықтар кейбір несиелерден 14 күннің ішінде айыппұлсыз бас тарта алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті қаулыны қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекітті.
Құжат барлық несие түріне қатысты емес. Енді қазақстандықтар шарт жасалған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген несиелерден бас тарта алады. Осылайша, ипотека және кепілмен қамтамасыз етілген басқа да несие түрлері бұл талапқа жатпайды.
Егер қаражат қарыз алушыға аударылып қойған болса, қарызды жою мүмкін емес. Негізгі соманы қаржы ұйымына қайтару қажет. Бұл ретте қаржы ұйымы сыйақыны тек қарызды нақты пайдаланған күндер санына қарай есептей алады. Өсімпұл, бас тартқаны үшін комиссия және басқа да айыппұл санкцияларын алуға тыйым салынады.

Осы мерзім ішінде қарыз алушы қарызбен бірге рәсімделген ерікті сақтандырудан да бас тарта алады. Бұл ретте сақтандыру полисінің қолданыста болған уақытына пропорционалды түрде сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігі немесе өнімді ұсынуға байланысты нақты жұмсалған шығындар ұсталып қалуы мүмкін.
Сонымен қатар қаржы ұйымы несие алушыға бас тарту құқығының бар екені туралы шартқа қол қоймас бұрын хабарлауы қажет.
"Қаржы ұйымы қаржылық қызметтерді тұтынушыға қаржылық өнімнен және (немесе) қосымша қызметтен айыппұл санкцияларын қолданбай бас тарту құқығы туралы ақпарат береді", – делінген құжатта.
Сондай-ақ жаңа ережелер қаржы ұйымдарына өнімнің маңызды талаптарын, құны мен тәуекелдерін жасыруға, қосымша қызметтерді таңуға, шартта немесе қосымшада алдын ала белгіленген жолдар арқылы клиенттің келісімін алуға тыйым салады.
Талаптар тек банктерге ғана емес, микроқаржы және сақтандыру ұйымдарына, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының жекелеген қатысушыларына да қатысты.
Қаулы 60 күнтізбелік күн өткеннен кейін, яғни 2026 жылдың 12 қазанында күшіне енеді.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға бірнеше несиесін бір төлеммен өтеуге мүмкіндік берілетіні туралы жазған едік.
Кинотеатр дәретханасына бармақ болған қазақстандықты билеті болмағаны үшін ішке кіргізбей қойған: Бұл заңды ма?