Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақтөбеге барғанда орамал тағып, сәлем саламын": Кәмшат Жолдыбаева келіндік өмірі туралы айтты

Кәмшат Жолдыбаева
Фото: Instagram.com/kamshat__zholdybayeva

Белгілі әнші әрі актриса Кәмшат Жолдыбаева ана атанғаннан кейін алғаш рет “Оян” телебағдарламасына көлемді сұхбат беріп, жеке өмірі мен отбасы туралы әңгімеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі қызды болғанын растады. Алайда сәбиінің есімін әзірге көпшілікке жарияламауды жөн көрген. Оның айтуынша, өзі де, жолдасы да жеке өмірін ел назарынан тыс ұстағысы келеді.

“Мен жеке өмірімді ешқашан жариялай бермейтінмін. Өйткені ол – менің алтын қазынам, мен үшін өте құнды. Жолдасымның да ұстанымы сондай. Бұйыртса, балаларымыз өскенде көпшілікке танылғымыз келеді десе, жағдай өзгеруі мүмкін. Бұл – олардың өз құқығы”, – деді әнші.

Кәмшат Жолдыбаева үйлену тойын бастапқыда Алматыда өткізуді жоспарлағанын да айтты. Алайда ағайын-туыс пен әулеттің үлкендері Ақтөбеде тұратындықтан, тойды сол өңірде өткізуді ұйғарған.

“Алғашында Алматыда үлкен той жасаймыз деп ойладық. Бірақ ағайын-туыстың көбі, ақсақалдарымыз Ақтөбеде болғандықтан, тойды сол жақта жасаймыз деген шешімге келдік. Дегенмен халыққа жететін жаңалық жетті, суреттер мен видеолар тарады. Ештеңені жасыра алмайсың”, – деді өнер иесі.

Әнші жолдасымен қалай танысқанын да сөз етті. Оның айтуынша, екеуінің таныстығына ортақ жоба себеп болған.

“Кім кімнің жүрегін жаулады? Білмеймін. Біз бір жобада жолықтық. Бәрі сол жобадан басталды. Содан бері бес жыл өтіпті. Кейін тағы бір жобаға бірге түстік. Бірінші жобада табыстық, екіншісінде ерлі-зайыптының рөлін сомдадық”, – деді ол.

Кәмшат келіндік міндеттері туралы да айтып, қайын жұртының Ақтөбеде тұратынын жеткізді. Өзі жолдасымен Алматыда тұратындықтан, Ақтөбеге барған кезде қазақы дәстүрді ұстанып, орамал тағып, үлкендерге сәлем салатынын айтты.

“Қайын жұртым Ақтөбеде. Ағайын-туыстың көбі сол жақта. Ал біз Алматыда тұрамыз. Ақтөбеге барсақ, бір апта немесе он күнге ғана барамыз. Сол күндері жеңгемін, келінмін, басыма орамал тағып, сәлем саламын. Қалған өмірім осында өтеді”, – деді Кәмшат Жолдыбаева.

Еске салайық, бұған дейін желіде Кәмшат Жолдыбаеваның ана атанғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 19 Тамыз, 2026 18:18