Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кинотеатр дәретханасына бармақ болған қазақстандықты билеті болмағаны үшін ішке кіргізбей қойған: Бұл заңды ма?

Дәретханаға кіргізбеген кинотеатр
Фото: 2gis.kz

Алматылық әйел киноға билеті болмағаны үшін "Арман" кинотеатрының дәретханасына кіре алмағанына наразылық білдірді. Айтуынша, Терренқұрдағы қоғамдық дәретхана жұмыс істемеген соң, ол жақын маңдағы кинотеатрға кіріп, дәретхананы пайдаланбақ болған. Алайда қызметкерлер оған тек кино көрермендеріне ғана дәретханаға кіруге рұқсат етілетінін айтып, кіргізбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғын болған оқиғаны желіде бөлісті. Жайсыз оқиға серуендеп жүрген кезінде болған.

“Қаладағы дәретханаларға тек билет алғандарға ғана ма? Бүгін Терреңқұрда серуендеп жүр едім. Ондағы қоғамдық дәретхана жұмыс істемей тұрған соң, жақын маңдағы "Арман" кинотеатрына кіріп, дәретхананы пайдалануға рұқсат сұрадым. Алайда киноға билетім жоқ деген себеппен мені дәретханаға кіргізбеді. Содан қызметкерлерге қоғамдық орында адамның дәретхананы пайдалануына себепсіз тыйым сала алмайтыны туралы заңдағы бапты көрсеттім”, – деп баяндады ол. 

Тұрғын кейін әкімшіні шақыртқан. Алайда айтуынша ол да мардымды жауап бермеген.

“Әкімші есіктегі "Санитарлық нормаларға сәйкес дәретхананы тек кинотеатр көрермендері пайдалана алады" деген жазуды көрсетті. Бірақ осы жерде бір сұрақ туындайды. Адамның дәретханаға кіруіне тыйым салатын нақты қандай санитарлық норма бар? Тереңқұрда серуендеп жүргенде жақын маңдағы қоғамдық дәретхана жұмыс істемей тұрғанда адам қарапайым санитарлық қажеттілігін өтеу үшін міндетті түрде киноға билет сатып алуы керек пе?”, – деп ренжіді алматылық.

Желі қолданушылары да адамдыққа салып дәретханаға кіргізуге болатынын алға тартты. 

"Burger King-ке де кіріп көрдім. Бұл жерде мәселе адамдарға деген қарым-қатынаста деп ойлаймын. Біз сауда орталықтарына да үнемі дүкен аралау үшін кірмейміз ғой, кейде жолай дәретханаға кіріп шығамыз. Ол жерде бұл қалыпты нәрсе саналады. Ал "Арман" кинотеатрында неге болмайды? Оның үстіне, бұл туристер көп келетін жерде орналасқан”;

“Жалпы, барлық қоғамдық орындарда дәретхана болуы және ол тегін болуы керек деп ойлаймын. Өйткені бұл – адамның ең негізгі қажеттіліктерінің бірі”, – деп жазды жұртшылық.

“Кинотеатрдың келушілерді дәретханаға кіргізбеуі заңды ма?”

Заңгер Альбина Бахтиярқызының айтуынша, конституцияда "дәретханаға бару құқығы" деген жеке бап болмаса да, бұл адамның табиғи физиологиялық қажеттілігін өтеуі.

"Бұл – адамның қадір-қасиетін, денсаулығын және тумысынан берілетін құқықтарын құрметтеу қағидаларынан туындайтын табиғи қажеттілік. Ал кинотеатр – қоғамдық орын. Демек, ондағы халықтың пайдалануына арналған дәретхана да қоғамдық дәретхана болып саналады. Дәретхананың қоғамдық ғимараттың ішінде орналасуы оны "жеке дәретханаға" айналдырмайды. ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидалардың 10-тарауы қоғамдық дәретханалардың қоғамдық ғимараттарға кіріктіріліп немесе жапсарлас орналасуына тікелей жол береді.

"Билетің жоқ – дәретханаға кірмейсің" деген талаптың өзі құқықтық тұрғыдан негізделуі керек. Дәретхананың негізгі мақсаты – адамның табиғи санитариялық қажеттілігін қамтамасыз ету. Бұл кино көруге билет алған адамға ғана қатысты санитариялық қажеттілік емес", – деп қосты ол.

Маман осы тұста қоғамдық дәретхананың міндеті тек ақша төлеген клиентке қызмет көрсету емес, халықтың санитариялық қажеттілігін қамтамасыз ету екенін жеткізді.

“Мысалы, адам кинотеатрға келді. Бірақ өзі көргісі келген фильмге билет қалмаған. Немесе билет тек кешкі уақытқа бар. Ал адамға дәл қазір дәретхана қажет. Енді не істеуі керек? Билет жоқ болғаны үшін дәретханаға бармай, қысылып отыруы керек пе? Әрине, жоқ. Кинотеатр — қоғамдық кеңістік. Адам ол жерге кірген сәтте оның дәретханаға деген физиологиялық қажеттілігі билет сатып алған-сатып алмағанына байланысты өзгермейді.

ҚР ДСМ-67 санитариялық қағидаларының 10-тарауы қоғамдық дәретханалардың қай жерде болуы керектігін, олардың қалай жабдықталуы және санитариялық жағдайы қандай болуы керектігін белгілейді. 144-тармақ бойынша қоғамдық дәретхана қоғамдық ғимараттың ішінде де орналасуы мүмкін. Сондықтан "ішінде орналасқандықтан, ол қоғамдық емес" деген аргумент заңға сүйенбейді”, – деді ол. 

Альбина Бахтиярқызы тек кинотеатрлар емес, кафе, мейрамханалар басқа да сауда орталықтарында дәретханалар қоғамдық қажеттілікті қамтамасыз ететінін алға тартты. 

“Кафе, мейрамхана, театр, сауда орталығы, кинотеатр сияқты қоғамдық объектілерде адамдардың санитариялық қажеттілігін қамтамасыз ететін дәретханалар қарастырылады. Кәсіпкердің ғимаратқа меншік құқығы оның санитариялық талаптарды жоққа шығаруына мүмкіндік бермейді.

Әрине, дәретхана авариялық жағдайда болса, су немесе кәріз жүйесі істемесе, санитариялық тазалау жүргізіліп жатса немесе оны пайдалануға объективті техникалық мүмкіндік болмаса уақытша шектеу болуы мүмкін. Бірақ "сен билет алмадың, сондықтан дәретханаға кірмейсің" деген себептің өзі қоғамдық дәретхананың мақсатына сай келмейді. Қоғамдық орындардағы дәретхана халық үшін”, – деп қосты маман. 

Заңгердің айтуынша, Ресейде қоғамдық орындардың келушілерге дәретхана ұсынуға міндетті екені заңда нақты көрсетілген. Ал Қазақстанда мұндай талап заңда анық жазылмаған.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 19 Тамыз, 2026 18:42