Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев сыртқы саясат мәселелері бойынша халыққа үндеу жасау құқығынан айырылды: Тоқаев жарлыққа қол қойды

Тоқаев пен Назарбаев
Фото: akorda.kz, Reuters

Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізу бойынша жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020 - 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы" Қазақстан президентінің 2020 жылғы 6 наурыздағы № 280 жарлығына өзгерістер енгізді. 

Атап айтқанда, “Ағымдағы жағдайды талдау” деп аталатын 1-тараудың төртінші, сегізінші және оныншы бөліктері былай өзгертілді: 

“Еліміз Тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орнықты. Қазақстан Республикасы көпвекторлы, прагматикалық тұрғыдан және проактивті сыртқы саясатты іске асыруда, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруда елеулі үлес қосуда. Бұл ретте ұлттық мүдделерді барынша және мызғымастықпен қорғауға, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарды сындарлы түрде ілгерілетуге басты назар аударылады";

"Үшіншіден, "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес және әлемнің дамыған отыз мемлекеті қатарына кіру бойынша стратегиялық міндетті ескере отырып, сыртқы периметрде мемлекеттің, бизнестің, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының мүдделерін ілгерілету мен қорғауға назар аударуды күшейту қажет. Бұл – халықаралық қатынастардың қазіргі жүйесімен тығыз байланысқан қуатты, үйлесімді және әлеуметтік жауапты мемлекет құрудың негізгі шарты.";

"Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020 - 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді және орнықты даму стратегиясында, "Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам" ұлт жоспарында және Президенттің Қазақстан халқына жолдауларында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді ескере отырып әзірленді", – делінген жаңартылған жарлықта.

Ал "Сыртқы саясатты іске асыру құралдары" тарауынан елбасыға қатысты екінші бөлік алынып тасталды. Алынып тасталған бөлікте бұған дейін былай деп жазылған: 

"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" Конституциялық заңға сәйкес, тарихи миссиясына байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға сыртқы саясаттың аса маңызды мәселелері бойынша бастамалармен өмір бойы жүгіну құқылы"

Сонымен қатар осы тарауға Құрылтайға қатысты бөлік қосылды. 

“Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы”, – делінген жаңа жарлық мәтінініде.

Жаңа құжатта Қазақстанның сыртқы саясатының стратегиялық мақсаттардың бірі – елдің Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайту, сыртқы саяси бағытының дербестігін сақтау деп бекітілді. 

Жарлық қол қойылған күннен, 2026 жылдың 14 тамызынан бастап қолданысқа енгізілді.

Еске салсақ, бұған дейін Назарбаевтың бастамасымен салынған елдегі бас мешітке "Нұрсұлтан мешіті" атауы берілгені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 19 Тамыз, 2026 20:01