Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев жүйесімен қоштасу: Депутаттар Amanat "Әділет" партиясына қосылу себебін түсіндірді

Аманат Әділет депутат
Фото: AMANAT

Amanat пен "Әділет" партиясының бірігуі туралы шешім қабылданғаннан кейін депутаттар мұның себебін түсіндірді. Алайда депутаттардың ойы бірден шықпады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерлан Қошанов екі партияның бірігуін "ескі Қазақстанмен қоштасу" деп түсіну қате екенін айтты. 

"Біз ешкіммен қоштаспаймыз, ешкіммен сәлемдеспейміз. Біз алға жылжып келеміз. Қазіргі уақытта өмір сүріп жатырмыз. Жаңа Конституция қабылданды, алда үлкен жұмыс тұр. Сондықтан артқа қарамаймыз және ешкіммен қоштаспаймыз", – деді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, бұл шешім ең алдымен екі партияның көзқарастары, идеялары және электораты ұқсас болғандықтан қабылданған.

Ал Ерлан Саиров екі партияның бірігуін бұрынғы саяси жүйемен символикалық түрде толық қоштасу деп санайды.

"Amanat пен “Әділеттің“ бірігуі – Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жүйесімен толық қоштасу. Ашық айту керек, Amanat-тың артында әлі де Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы сезіледі. 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа дәуірге және жаңа саяси жүйеге қадам басады. Сондықтан жаңару партия деңгейінде де жүруі тиіс. Негізгі міндет – Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси салмағынан толық арылу", – деді депутат.

Асхат Аймағамбетов болса бұл шешімді ертелі-кеш қабылданатынын білген. Ол мұны саяси күштердің бірігуімен байланыстырды. Депутат ең алдымен елді одан әрі дамыту үшін ресурстарды біріктіру туралы сөз болып отырғанын айтты, ал бұл шешім съезд делегаттары тарапынан бірауыздан қолдау тапқанын атап өтті.

 Күні кеше Amanat партиясы "Әділет" партиясына қосылатыны туралы жазған едік. 

Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партия өз тарихының жаңа бетін ашып, мемлекет мүддесі мен қоғам сұранысына сай қадам жасауы тиіс екенін мәлімдеді.

"Бүгінде біз жаңа даму бағытына қадам басып жатқанда, Мемлекет басшысы бірлік пен ынтымақтың маңызын айтып отырған кезде, өз тарихымыздың жаңа бетін ашуға да батылдық танытуымыз керек. Біздің партия әрдайым “Өзгеріс өзімізден басталады” қағидатын ұстанып келеді. Сондықтан қазір де уақыт талабына, мемлекет мүддесіне және қоғам сұранысына сай келетін қадам жасауымыз қажет", – деді Қошанов.

Айым Болатқызы
Сенбі, 13 Маусым, 2026 12:26