Заң бұзғандарды видеоға түсірген қазақстандықтарға 43 мың теңгеге дейін сыйақы беріледі
Түркістан облысында әкімшілік құқық бұзушылықты фотоға немесе видеоға түсіріп, оны анықтауға көмектескен азаматтарға ақшалай сыйақы беріледі. Ең жоғары төлем – 43 250 теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осыған дейін мұндай тәртіп Астанада енгізілген еді. Енді Түркістан облысының әкімдігі де азаматтарды ынталандырудың жаңа ережесін бекітті.
Тиісті қаулыға 3 тамызда қол қойылып, 4 тамызда Әділет министрлігінде тіркелген. Құжат алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Жаңа тәртіп 2026 жылғы 2 наурызда күшіне енген “Құқық бұзушылық профилактикасы туралы” заңға негізделген.

Алайда әрбір жіберілген видео үшін ақша төлене бермейді.
Алдымен құқықбұзушылық дерегі расталуы керек. Сондай-ақ бұл жағдайдың автоматты камералар, полиция қызметкерлері, лауазымды тұлғалар немесе басқа азаматтар тарапынан бұған дейін тіркелмегені тексеріледі.
Одан кейін әкімшілік іс бойынша шығарылған қаулы заңды күшіне еніп, тәртіп бұзған адам айыппұлды толық төлеуі қажет. Осы талаптар орындалғаннан кейін ғана құжаттар арнайы комиссияның қарауына жіберіледі.
Сыйақы мөлшері қалай анықталады?
Сыйақының ең жоғары мөлшері – 10 айлық есептік көрсеткіш. 2026 жылы бұл 43 250 теңге. Нақты қанша ақша берілетінін өтініш иесінің құқықбұзушылықты анықтауға қосқан үлесіне қарай арнайы комиссия шешеді.
Салыстырсақ, Астанада мұндай сыйақының ең жоғары мөлшері 20 АЕК, яғни 86 500 теңгеге дейін жетеді.
Жаңа құжатта сыйақының өндірілген айыппұлға шаққандағы нақты үлесі көрсетілмеген. Төлем көлемін комиссия белгіленген шектен асырмай өзі белгілейді.
Сыйақы алу үшін не істеу керек?
Сыйақы алғысы келген адам жасырын хабарлама жібере алмайды. Ол арнайы өтініш толтырып, ЖСН-ін, жеке куәлік деректерін, мекенжайын және банк шотын көрсетуі керек.
Құқықбұзушылық туралы “Е-Өтініш” ақпараттық жүйесі, “102” мобильді қосымшасы немесе полицияның кезекші бөлімі арқылы хабарлауға болады.
Ақша қашан төленеді?
Өтініштерді аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері жанынан құрылған комиссиялар қарайды. Оның құрамына кемінде бес адам кіреді. Арасында мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері болады. Комиссияға әкім төрағалық етеді.
Өтінішті қарауға 15 жұмыс күні беріледі. Қажет болған жағдайда бұл мерзім тағы он жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін.
Сыйақы беру туралы шешім қабылданса, ақша азаматтың банк шотына 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмей аударылады. Алайда төлем жергілікті бюджетте осы мақсатқа қаражат болған жағдайда ғана беріледі.
Азамат қаласа, өзіне тиесілі ақшадан бас тартып, оны Қазақстанда тіркелген қайырымдылық ұйымына аударуды сұрай алады.
Ақшадан бөлек қандай марапат бар?
Жаңа ереже тек ақшалай сыйақымен шектелмейді. Құқықбұзушылықтың алдын алуға немесе оны ашуға көмектескен азаматтарға алғыс жариялау, құрмет грамотасын беру, оқуға жіберу немесе жұмыс орны бойынша марапатқа ұсыну қарастырылған.
Жекелеген жағдайда азаматты мемлекеттік наградаға немесе құрметті атаққа ұсыну да мүмкін.