Арыс маңындағы әскери бөлімде жарылыс болды (видео)
Түркістан облысында Арыс гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінің аумағында оқ-дәрі бөлшегі жарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға 19 тамыз күні сағат 19:00 шамасында әскери бөлімнің "техникалық аумағында" болған.
Оқ-дәрінің жарылуына құрғақ шөптің тұтануынан шыққан өрт себеп болған. Жарылған оқ-дәрінің бұған дейін утилизациялау үшін дайындалғаны атал өтілді.
"Зардап шеккендер мен қирау жоқ. Жағдай бақылауда. Өрт ошағы оқшауланып, оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр", – делінген министрлік хабарламасында.
Қорғаныс министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілерде таралып жатқан тексерілмеген ақпараттарға сенбеуге және тек ресми ақпаратқа жүгінуге шақырды.
Еске салсақ, 2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласындағы әскери қоймада өрт шығып, соның салдарынан оқ-дәрілер жарылған еді. Апат салдарынан төрт адам қаза тапты, оның ішінде тұрғындарды өздігінен эвакуациялау кезінде апатқа ұшыраған бала да бар. 40 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланып, 7 634 тұрғын үй бүлінді.
Кейіннен жарылысқа жауапты деп танылған 16 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған еді. Артынша апелляциялық алқа Шымкент гарнизоны Әскери сотының Арыстағы жарылыстарға қатысты шығарған үкіміне ішінара өзгертулер енгізіп, 7 сотталушының жазасын алып тастады.
Кинотеатр дәретханасына бармақ болған қазақстандықты билеті болмағаны үшін ішке кіргізбей қойған: Бұл заңды ма?