Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тағы бір қытайлық банк пайда болмақ

China Construction Bank

Фото: scmp.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк басшылығының China Construction Bank (CCB) төрағасы Чжан Цзиньлянмен кездесуі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Қазақстанның банк секторының жай-күйі мен даму перспективалары, екіжақты қаржылық ынтымақтастық, оның ішінде Қазақстанда CCB еншілес банкін құру мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілік білдірді.

China Construction Bank  — Қытайдың ең ірі мемлекеттік коммерциялық банктердің бірі. Негізі 1954 жылы қаланып, штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан.

Бастапқыда мемлекеттік инфрақұрылымға қатысты жобалар мен құрылыс саласын қаржыландыру үшін құрылған. Қазір әмбебап коммерциялық банкке айналған.

Қытайда 13 мыңнан астам бөлімшесі бар, сонымен бірге Токио, Нью-Йорк, Лондон, Сидней сияқты әлемнің негізгі қаржы орталықтарында филиалдары жұмыс істейді.

Қазақстандағы 23 екінші деңгейлі банктің үшеуі – тікелей қытай капиталының қатысуымен құрылған. Оның екеуі халықаралық сауда мен ірі бизнеске бағытталған Bank of China (Қазақстандағы Қытай банкі) мен ICBC банкінің 100%-дық еншілес құрылымы ("Алматы қаласындағы Қытайдың сауда-өнеркәсіп Банкі"). Үшіншісі акцияларының 60%-ы қытайлық CITIC Bank-ке, ал 40%-ы Halyk Bank-ке тиесілі – Altyn Bank.

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 08:42