Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда биылғы оқу жылында оқушылар мен мұғалімдер үшін не өзгереді

Мектеп
Фото: Pexels

1 қыркүйек күні мектепке оқушылар келіп, жаңа оқу жылы басталады. Ал биылғы оқу жылында мемлекет білім алу динамикасына біраз өзгерістер енгізбекші. Биылғы оқу жылында не өзгереді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биылғы оқу жылында мемлекет тарапынан біршама өзгерістер енгізілді.

ТЖБ енді жоқ, бірақ бастауыш сыныптарда ғана

Енді Қазақстан мектептерінің 1-4 сыныптарында Тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) алып тасталады. Формативтік бағалау сақталады, алайда оның тоқсандық бағадағы үлесі 25%-дан 50%-ға дейін артады. Бірінші вице-министрдің айтуынша, баланың тоқсан бойындағы күнделікті еңбегі мен оқу жетістіктерін көбірек ескеруге мүмкіндік береді. 

"Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Жаңартылған тәртіпте формативтік бағалау сақталып, оның рөлі күшейтіледі. Ал оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Ең алдымен формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі артады. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі", – деді спикер баспасөз конференциясында.

Бұған дейін бір тоқсанда оқушы төрт бағалау жұмысын үш БЖБ және бір ТЖБ орындайтын. Жаңа тәртіп бойынша аралық бағалау әр бөлім аяқталғаннан кейін өткізіледі, ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ қарастырылмайды. "Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект", "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Музыка" және "Дене шынықтыру" пәндері бойынша да бағалау жүйесі өзгереді. Бұл пәндерде күнделікті формативті бағалау жүргізіледі, ал аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі.

Жаңа пәндер қосылды

Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанның мемлекеттік ресми сайтында жаңа оқу жылынан бастап функционалдық сауаттылықты, құндылыққа бағдарланған оқытуды, инклюзивті білім беруді және білім алушылардың заманауи құзыреттерін дамытуға бағытталған жаңартылған Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты кезең-кезеңімен енгізіле бастайтыны хабарланды. 

“Барлық орта білім беру ұйымдарында жалпыұлттық құндылықтарға, азаматтық жауапкершілікке, патриотизмге және заңға құрмет қағидаттарына негізделген "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру жалғасады”, – деп жазылған ресми сайтта.

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде келесі міндетті оқу курстары енгізіледі:

  • 5–7 сыныптарда – "Конституция негіздері";
  • 8–11 сыныптарда – "Заң және тәртіп";
  • 5–11 сыныптарда – "Жеке қауіпсіздік".

“Құқық негіздері” пәнінің мазмұны Конституция талаптарына сай жаңартылады. 

Жасанды интеллект мектепте қолданыла бастайды

Премьер-министрдің ресми ақпараттық сайтында 2026–2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленгені туралы хабарлады. Жобада мектептердің цифрлық және инфрақұрылымдық дайындығын дамыту; педагог кадрларды даярлау; білім беру процесінде AI-шешімдерді қолдану туралы жазылған. Мысалы, алғашқы кезеңде Қызылорда мен Павлодар облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте 4-сыныптарға "Ана тілі", "Математика", "Цифрлық сауаттылық" және "Жасанды интеллект" бағыттары бойынша сынақ жүргізіледі. Кейін жоба 50, одан соң тағы 300 мектепке дейін кеңейтіледі.

"Балалармен және жасөспірімдермен тәрбие жұмысының маңызына ерекше көңіл бөлу керек. Жаз маусымында жаңа Конституция мен жасанды интеллект негіздерін білім беру жүйесінде оқытуға арналған барлық оқу бағдарламалары мен әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу жұмыстарын аяқтау қажет", — деп атап өтті Премьер-министр.

Яғни "ЖИ мұғалімді алмастырады" деген емес. Ресми түсіндіру бойынша, ол мұғалімге оқушының біліміндегі олқылықтарды анықтау, тапсырмаларды бейімдеу және жеке қолдау көрсетуге көмектесетін құрал ретінде енгізіледі. 

Оқушының мектепте смартфон ұстауына жаңа ереже

Енді елімізде оқушылар сабақ кезінде смартфон ұстай алмайды. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Қуанышқызы мектептерде ұялы телефон қолдануға қатысты жаңа тәртіп қалай жүзеге асатынын түсіндірді.  Министрлік өкілінің айтуынша, қазір оқу процесі кезінде ұялы телефон қолдану тәртібін біріздендіретін ереже әзірленіп жатыр. Оның сөзінше, оқушылардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты талаптар "Білім туралы" заңның 47-бабында, ал ата-аналардың құқықтары 49-бапта белгіленген. Бұған дейін телефон қолдану тәртібін әр білім беру ұйымы өзі айқындап келген. Енді министрлік барлық мектепке ортақ тәсіл енгізуді көздеп отыр. Жаңа талап бойынша оқушы сабақ кезінде ұялы телефонды қолданбауы тиіс. Тек мұғалімнің қысқа мерзімді жоспарында смартфонды оқу мақсатында пайдалану қарастырылған жағдайда ғана рұқсат беріледі. Ал телефонды мектепке кіргенде мұғалімге тапсыру керек пе, сыныптағы арнайы жәшікке салу қажет пе немесе басқа жерде сақтау керек пе – мұны әр мектеп өзінің ішкі тәртібіне қарай шешеді.

“Бала сабақ кезінде телефон қолданбайды. Ал оны қайда және кімге тапсыратыны мектептегі жағдайға байланысты айқындалады. Кей жерде телефондар сыныпта сақталуы мүмкін, кей мектептерде арнайы жәшіктер қарастырылады. Мұны білім беру ұйымының өзі белгілейді”, – деді министрлік өкілі.

Яғни әр мектепте оқушының телефонын сақтау ережесінің қандай болатының әр мектеп өзі шешеді. Алайда мектепте телефон ұстауға тек 7-сыныпқа дейінгі оқушыларға тыйым салынады. Бұл туралы 

Қазақстанның оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында мектептерде смартфондарды пайдалануға қатысты жоспарланған шектеулер туралы түсініктеме берді.

Министрдің айтуынша, жоғары сынып оқушыларына қатысты мәселе әлі де талқыланып жатыр.

"Жоғары сыныптарда көптеген пәндер онлайн платформалар арқылы оқытылады. Сондай-ақ оқушылар ҰБТ мен SAT емтихандарына дайындалады. Сондықтан бұл мәселелерді мұғалімдермен бірге әлі де талқылаймыз. Ал басқа жағдайда 7-сыныпқа дейінгі оқушылар сабақ кезінде смартфондарын тапсыруға тиіс болады", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Мектептерді жаңарту әлі де жалғасады

Қазақстанда мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды реновация бағдарламасы жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025–2027 жылдары еліміздегі шамамен 1300 мектепті жаңғырту жоспарланған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты азайтып, оқушыларға бірыңғай заманауи білім беру ортасын қалыптастыру. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бағдарлама аясында 2026 жылы тағы 98 мектепте реновация жұмыстары жалғасады. Ал жалпы алдағы үш жылда жаңартылатын мектептердің басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасады. Кей деректе 1300 мектептің шамамен 900-і ауыл мектептері болатыны көрсетілген. 

Қазақстандағы мектептердің едәуір бөлігі аудандық және ауылдық жерлерде орналасқан. Ресми мәлімет бойынша, елдегі орта білім беру ұйымдарының шамамен 67%-ы аудандық және ауылдық жерлерде орналасқан, онда 1,6 миллион бала білім алады.Сондықтан реновация бағдарламасының маңызды міндеттерінің бірі – ауылдағы оқушы мен қаладағы оқушының білім алу жағдайындағы айырмашылықты азайту болып отыр. 

Мұғалімдер мектептен тыс уақытта оқушы үшін жауап бермейді

Бұл норма тіпті тиісті педагог мәртебесіне қатысты заң жобасына да енгізілді. 

Депутат Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, мұғалімдердің жауапкершілігі тек оқу процесі кезінде ғана сақталады. Сабақтан кейін, каникулда немесе кешкі уақытта болған жағдайлар үшін ата-аналар жауап береді. Бұл президенттің Тамыз конференциясында берген тапсырмасының орындалуына қатысты. Сонымен қатар, педагогтерді өз міндетіне қатысы жоқ шараларға күштеп тартуға тыйым салу ұсынылды. Есептілікті де жеңілдету көзделген: қағаз бен электронды форматты қатар жүргізу тоқтатылуы мүмкін.

“Жаз мезгілінде, кешкі уақытта немесе демалыс күндері оқушылар құқықбұзушылық жасап немесе түрлі жағымсыз жағдайларға тап болды. Ол кезде мұғалімдер жанында болған жоқ, олар демалыста немесе үйінде болған. Бұл каникул уақыты, кешкі немесе жұмыс уақыты емес. Соған қарамастан, мектеп директорлары мен мұғалімдер жазаланып, жұмыстан шығарылады. Бұл – әділетсіздік. Енді біз заңға нақты норма енгізіп жатырмыз: педагог балалардың өмірі мен денсаулығына оқу-тәрбие процесі кезінде және өз қызметтік міндеттері аясында ғана жауап береді. Жазғы каникул – ата-ананың жауапкершілігі. Түнгі уақыт, демалыс күндері – ата-ананың жауапкершілігі", — деді ол.

Бұл туралы мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да пікір білдірді. Оның сөзінше, педагог оқушы үшін тек оқу уақытында ғана жауапкершілігі болуы керек. 

"Оқушы үшін педагогтің жауапкершілігі тек оқу уақытында болуы – өте маңызды норма. Сабақтан тыс уақытта бала үшін жауапкершілікті тек ата-аналар көтеруге тиіс. Педагогтің негізгі миссиясы – өз пәнін оқыту, білім алу жолдарын үйрету және заманға сай білімді болу", – деді ол.

Педагогтерді аттестациялаудың жаңа моделі

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап педагогтерды аттестаттаудың жаңа рәсімі бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Оқу-ағарту министрлігі маңызды жұмыс істеп тұрған педагогтердың көпшілігі үшін пәндік білім бойынша міндетті тестілеу жойылады. Тек алғаш рет мамандыққа келген түлектер, педагогикалық қызметін қайта бастаған педагогтер мен білім беру ұйымдарының басшылары, басшылардың орынбасарлары және әдіскерлер.

Яғни, кәдімгі жұмыс істейтін мұғалім үшін аттестаттау тек тест нәтижесіне ғана емес, нақты кәсіби қызметке көбірек сүйенуі керек. Бұл ретте Аттестаттау қағидаларына өзгерістер Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 3 шілдедегі 190-НҚ бұйрығымен бекітілді.

Мұғалімнің кәсіби жұмысына мүлдем қатысы жоқ мектеп жұмыстарына араласпайды

2026 жылдың маусымында №309-VIII Заң қабылданды, ол басқалармен қатар педагогтердың құқықтық қорғалуын күшейтуге және әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған. Бұл заң аясында мектеп мұғалімге оның кәсіби жұмысынан тыс істерді істете алмайды. Яғни мұғалім оқытумен тікелей байланысты емес іс-шараларға бару немесе ұйымдастыру, ақпарат пен есеп жинау, әкімшілік жұмыстар және т.б өзіне қатысы жоқ жұмыстарды істемейді.

Педагогтерге қойылатын біліктілік талаптары өзгереді.

2026 жылы педагогтердің лауазымдарына қойылатын типтік біліктілік талаптарына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер 2026 жылғы 25 мамырдағы №137-НҚ бұйрықпен және кейінгі толықтырулармен бекітілген.

Өзгерістер негізінен:

  • мұғалімдердің біліктілік санатына;
  • белгілі бір қызметке қойылатын талаптарға;
  • кәсіби дамуына;

  • аттестаттаудан өтуіне;

  • педагогтердің міндеттері мен қызметтерін бөлуге қатысты.

Қарапайым тілмен айтқанда, мұғалімнің кәсіби жұмысы кезінде қандай білім мен дағдыларға ие болуы керек, қандай талаптарға сай болуы қажет және оның жұмысы қалай бағаланатынына қатысты талаптар жаңартылып жатыр. 

Сондай-ақ 2026-2027 оқу жылындағы тоқсан ұзақтығы нақты белгіленді:

  • I тоқсан — 8 оқу аптасы;

  • II тоқсан — 8 оқу аптасы;

  • III тоқсан — 10 оқу аптасы;

  • IV тоқсан — 8 оқу аптасы.

Оқу жылы 1 қыркүйек 2026 – 25 мамыр 2027 аралығында болады.

Ислам Әден
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 09:00