Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында екі әуежайды жекеменшік басқаруға өткізбек

Жетісу облысында әйуежайлар
Фото: сюжет кадрларынан скрин

Жетісу облысында Талдықорған мен Үшарал әуежайларын шығыны көбейіп, табысы аз болуына байланысты жекеменшік басқаруға беру жоспарлануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 7-арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Мәселен, өткен жылы "Жетісу" әуе компаниясының пайдасы небәрі 101 миллион теңге болса, шығын көлемі 800 миллион теңгеге жуықтаған.

Әуежайлардың жеке басқаруға берілуі туралы ақпарат тарағаннан кейін жергілікті тұрғындар алаңдаушылық білдірді. Олар бұл жағдай әуе билеттерінің қымбаттауына әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Сондай-ақ әуежайларды шетелдік инвесторлар сатып алады деген алаң да бар.

Алайда мамандар бұл пікірді жоққа шығарады. Олардың айтуынша, стратегиялық нысандар сатылмайды. Тек 5 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беріледі. Бұл ретте әуежай активтері мен әуе компаниясы мемлекет меншігінде қалады.

Қазіргі уақытта инвестор іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Болашақ басқарушы тарап әуежайларды дамытуға міндеттеледі. Сондай-ақ жұмыс орындары мен жалақы деңгейін сақтау талап етіледі.

"Жетісу" әуе компаниясының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі вице-президенті Сырым Кәукейевтің айтуынша, жаңа инвестор келсе, әуежай инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік туады.

"Егер инвестор келсе, әуежайдың даму әлеуеті өте жоғары. Әсіресе өңірдің Қытаймен шектесуі жүк тасымалын дамытуға, жақсы логистикалық хаб құруға мүмкіндік береді", – деді ол.

Stan.kz
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 17:53