Су тасқыны салдарынан 8 мың бас мал қырылды: Өтемақы алу үшін не істеу керек
Су тасқыны болып жатқан облыстарда 8,1 мың бас мал қырылды. Мал иелерінің өтемақыны қалай ала алатыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақтөбе облысы ТЖД
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин облыс әкімдіктері мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен жұмысының арқасында 88 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерге шығарылғанын айтты.
“Бүгінде 4,1 мың мал өлекселері жойылды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бұл жұмыс күшейтілген режимде жалғасады. Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабпен өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмін әзірлеп, бекітілді. Меншік иелері мен залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен шығынды анықтау жөніндегі комиссия құрылды”, – деді Олжас Тілебалдин.
Су тасқыны салдарынан қырылған малдардың иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Ал меншік иелеріне өтемақы Ұлттық статистика бюросы жариялаған талапқа сай беріледі.
Өтемақы алудың алгоритмі:
- Материалдық залал келтірілген зардап шегушілер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күнде жергілікті атқарушы органға (әкімдік) материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді. Жәбірленушінің өзінің өтініш жазуға мүмкіндігі болмаған жағдайда оның туыстары немесе сенімхат негізінде өзге де адамдар, сондай-ақ егер жәбірленуші кәмелет жасына толмаса, заңды өкілдері келтірілген зиянды (залалды) өтеу туралы өтінішпен жүгіне алады. Келтірілген залалды өтеу туралы өтінішке зардап шегуші адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, табиғи сипаттағы ТЖ туындаған сәттен бастап немесе ТЖ жою кезеңінде зардап шеккен адамның жоғалған және/немесе бүлінген мүлкінің тізбесі қоса беріледі.
- Өтініштер мен құжаттарды тіркеуді әкімдік зардап шегушіге құжаттардың қабылданғанын растайтын қолхат бере отырып, материалдық залалды өтеу туралы өтініштерді тіркеу журналында жүргізеді.
- Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күнінде қаралады.
- Әкімдік өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күнінде бағалаушыны тарта отырып, келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды (өтініш берушінің мүлкі қолжетімді болуға тиіс) ұйымдастырады. Жәбірленуші бағалау жүргізілетін уақыт пен орынды анықтайды, кейін жәбірленуші бағалау туралы есеппен танысуға тиіс.
- Әкімдік бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін 3 жұмыс күнінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды.
- Зардап шеккендерге төлем тиісті шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік 30 күнде жүзеге асырылады.
Мүлікті толыққанды әрі сапалы бағалау үшін сарапшылардың жұмысы су тасқыны жағдайы тұрақталып, үйлер мен аула аумақтарынан су толығымен тартылғаннан кейін басталады.
Жергілікті атқарушы органдарға қажет болған жағдайда өтініштерді қабылдау мерзімін ұзарту тапсырылды.